Қостанайда құны 100 млн теңгеден асатын есірткі партиясы тәркіленді

16 Шілде 2023, 13:25 1064

Қостанай облысында полиция қызметкерлері есірткі сатушыны ұстап, одан 100 млн теңгеден астам сомаға синтетика партиясы тәркіленді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Күдіктіні ұстау бойынша арнайы операцияны Қостанай облысы ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Тобыл қаласында "Қарасора - 2023"жедел алдын-алу шарасы шеңберінде жүргізген. 

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Тобыл қаласында полиция қызметкерлері тінту кезінде 3 келіден астам синтетикалық есірткі тәркілеген күдіктіні ұстады. Бұдан басқа, 2 мыңнан астам оралған синтетика тәркіленді, бұл аса ірі көлемді құрайды, - деді Қостанай облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Нұржан Ахметов.

Облыстың 31 жастағы тұрғынын ұстау кезіндегі партияның құны 100 млн. теңгеден асып отыр.Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынып, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Жүргізілген сараптамаға сәйкес алынған зат - "мефедрон" синтетикалық препараты екені анықталды.

 

Асқар Таудай
Бөлісу: