Қостанай облысында су тасқынына қарсы күреске 3 мыңға жуық ерікті жұмылдырылды

9 Сәуір, 12:45 658

Қостанай облысының барлық аймағында еріктілер жасағы құрылып, 3 мыңға жуық волонтер су тасқынына қарсы іс-шараларға, халықты эвакуациялау және гуманитарлық көмек көрсетуге белсене атсалысуда. Бұл туралы Қостанай облысы Жастар ресурстық орталығының директоры Абай Дүйсеков мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Абай Хасенұлының айтуынша, өңірлердегі еріктілердің жұмысын Жастар ресурстық орталықтары үйлестіреді. 7 сәуірдегі жағдай бойынша су басу қаупі жоғары аймақтарда жасақталған еріктілер саны 1 760 адамнан асқан.

Қостанай қаласында 1 240-тан астам ерікті жұмылдырылған, 2 бағыт бойынша жұмыстар жүргізілуде. Біріншісі - төсек жабдықтары мен тағы да басқа қажет заттарды жинап, Қостанай қаласы мен Қостанай ауданының эвакуациялық пункттеріне жеткізу. Екіншісі - ыстық тамақ тарату, қаптарды құммен толтырып, бөгет орнату, - деді орталық директоры.

Қазіргі уақытта өңірлердегі барлық еріктілер эвакуация туралы ескерту үшін үй-үйді аралап, бөгеттерді нығайту, арықтар мен су арналарын бұрып, азық-түлік жеткізу, қаптарды құммен толтыру, оңтүстік өңірлерде гуманитарлық көмек тарату сияқты жұмыстарға жұмылдырылған.

Қостанай облысының қала мен аудандарынан келген еріктілер Қостанай ауданының Тобыл қаласы тұрғындарына су тасқынына қарсы жұмыстарда ауқымды көмек көрсетуде. 7 сәуірде Тобыл қаласына Меңдіқара ауданынан 200, Алтынсарин ауданынан 100, Федоров ауданынан 50, Рудный қаласынан 70 ерікті келді. 8 сәуірде Бейімбет Майлин ауданынан 50, Қарабалық ауданынан 30, Ұзынкөл ауданынан 200 ерікті тұрғын үйлердің су басу қаупі бар аумақтарын бекітуге көмек қолын созған, - деп атап өтті Абай Дүйсеков.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: