Қостанай облысында шетелдіктен құны 2 млрд теңге болатын ақбөкен мүйіздері тәркіленді

30 Желтоқсан 2023, 00:21 1079

Қостанай облысында шетелдіктен құны 2 млрд теңге болатын ақбөкен мүйіздері тәркіленді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

22 желтоқсанда “Ақбөкен” жедел алдын алу шарасы шеңберінде, Екатеринбург – Алматы республикалық автожолында Қостанай қаласынан шыға берісте, Қостанай облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп Toyota Alphard автокөлігін тоқтатты. Автокөлікті тексеру барысында жүксалғыштан 29 жастағы жолаушыға, көрші шетел азаматына тиесілі үш жол сөмкесі табылды.

Сөмкелерде ақбөкен мүйізі түріндегі 916 дериват, 7,5 миллион теңге сомасында ақшалай қаражат болды. Болжам бойынша, құқық бұзушы мемлекетке шамамен 2 миллиард теңге шығын келтірген, – деді Қостанай облысы ПД ҰҚҚКБ бастығы Серік Байгонов.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды және ҚР ҚІЖК-нің 128-бабы тәртібінде қамауда отыр. Осы дерек бойынша полиция ҚР ҚК-нің 339-бабы 3-бөлігіне (Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлеріне, олардың бөліктеріне немесе дериваттарына заңсыз қарау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Барлық қажетті тергеу шаралары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар кешені тағайындалды.

 

Перизат Саденова
Бөлісу: