Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қостанай облысының елді мекендерін мобильді Интернетпен және талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету жөніндегі Жол картасына қол қойды, деп хабарлады El.kz ақпарат агенттігі.
Цифрландыру министрінің мәліметінше, қазіргі таңда облыс инновациялық өнім көлемі бойынша 1-орында тұр, бұл 529 миллиард теңгені немесе елдің жалпы көлемінің 28%-ін құрайды. Бағдат Мусин Қостанай облысында инновациялық өнімді дамыту экономикалық әлеуетті жақсартуға, инвестицияларды тартуға, жұмыс орындарын құруға, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және өңірдегі технологиялық прогресті ынталандыруға ықпал ететінін атап өтті.
«2023 жылғы 29 маусымда «Astana Hub», Қостанай облысының әкімдігі және ақпараттық технологиялардың дамуын жеделдетудің негізін қалаған А. Байтұрсынов атындағы Қостанай Өңірлік университеті арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, биыл Қостанай және Арқалық қалаларында 2 жаңа ХҚКО ашылды», - деп атап өтті министр.
Кездесу қорытындысы бойынша Қостанай облысының елді мекендерін мобильді Интернетпен және талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету жөніндегі Жол картасына қол қойылды. Министр ведомство KazSat спутнигі бойынша Қостанай облысының 43 ауылын Интернетпен қамтамасыз етуді, 2025 жылдың соңына дейін 87 5G базалық станциясын орнатуды, Starlink технологиясы арқылы 180 ауылдық мектепті Интернетке қосуды және 325 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісін жеткізуді жоспарлап отырғанын айтты.
Бағдат Мусин сондай-ақ, Жол картасы шеңберінде 226 ауылда, соның ішінде 161 ауылдық елді мекенде мобильді Интернеттің сапасын жақсарту үшін жергілікті атқарушы органдар есебінен антенна-діңгек құрылыстарын салу көзделіп отырғанын атап өтті.