Қостанай облысы: Тұрғындар шағымы ескеріліп жатыр ма?

28 Наурыз 2023, 16:00 2095

Бүгінгі мақаламызды Арқалық қаласының тыныс-тіршілігіне арнауды жөн көрдік. El.kz ақпараттық агенттігі Қостанай облысындағы бірқатар мәселені жіпке тізіп, облыс әкімдігіне арнайы сауал жолдады. Алайда сұранысқа толық жауап алмадық. Кейбір сұрақтарға жауап та бермеген. Соның ішінде мына мәселелерге шолу жасадық.

Тұрғындар тарапынан қаланың қаскелбетіне қатысты шағымдар да аз емес. Қалада дұрыс орнатылмаған жарнама объектілері көп. Шағымдар мен ұсыныстар қаншалықты ескеріліп жатқанын сұрадық.

Қостанай қаласының әкімдігі жарнама туралы ҚР заңнамасының сақталуы мәніне мониторинг тұрақты түрде жүргізеді. Осы жылдың басынан қала аумағында 157 объект тексерілді. Соның аясында бұзушылықтарды жоюға ұсынымдар берілді. Оның ішінде 8 демонтаж жүзеге асырылды. Тұрғындардың шағымдарына қатысты тиісті іс-шаралар қабылдау үшін уәкілетті органдарға жіберілді, – делінген Қостанай қаласы әкімдігінің берген жауабында.

Бұдан бөлек өңірде жол белгілеріне қатысты мәселе тағы бар. Жол белгілерінің дұрыс қойылмауы, қауіпсіздік ережелерінің жоқтығынан оқыс оқиғалар белең алып жатыр. Қандай шаралар қолданылып, не шешілді деген сауал тастадық.

Айтуларынша, Қостанай қаласының полиция басқармасының әкімшілік практика бөлімінің жол техникалық инспекциясы бөлімшесінің нұсқамасы бойынша қала аумағында жол белгілері орнатылған. Қалада жол қозғалысын жақсарту және көлік жүктемесін азайту үшін ұсынылған іс-шаралар бойынша жұмыстар іске асырылып жатыр.

Жылдамдықты шектеу және көлік жүргізушілерін ескерту мақсатында 2022 жылы барлық мектептердің жанында «Абайлаңыз, балалар!» деген қауіпсіздік белгісі мен білім ордаларының жанындағы жаяу жүргіншілер өткелінде оқушының макеттері орнатылды. Сонымен қатар, қолданыстағы реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдерін қоңырау шалу түймесі бар реттелетін жаяу жүргіншілер өткеліне ауыстыру жоспарлануда. 2023 жылға арналған қалалық бюджеттен жол белгілері мен жасанды жол бұзушылықтарын орнатуға қаражат бөлуге бюджеттік өтінім берілді, – деп жауап қайтарды әкімдік.

Тұрғындардың айтуынша, жарықтандыру мәселесі де мәз емес. Көшелерді жарықтандыру бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

Бүгінгі таңда Қостанай қаласында 423 көше бар. Оның ішінде 293-і көше жарықпен қамтылды. Бұл 69,2 пайызды құрайды. Ал 130 көше жарықпен әлі толық қамтамасыз етілмеген.

Қостанай тұрғындарынан көше жарығының болмауына қатысты келіп түскен өтініштер мердігер ұйымға тапсырылады. Бұл Қостанай қаласы әкімдігінің тұрақты бақылауында. 2022 жылы көше жарықтандыру желілерін жөндеу жұмыстары мына көшелерге Урицкий, Амангелді, Дзержинский, Войнов-Интернационалистов, Гашек, Чернышевский, Хакімжанова, К.Дөненбаева, Л.Беда, Гоголь, Бородин, Қобыланды батыр, Алтынсарин, Лесная, 5 Апрель, Темірбаев, Баймағамбетов, Победа, Абай, Қайырбеков, сондай-ақ Дружба және Ключевая тұрғын алаптарында, Амангелді ауылына жүргізілді, – делінген қала әкімдігінің жауабында.

2023 жылы мемлекеттік резервтен қаланың 28 көшесінде басқаруға мүмкіндік беретін күңгірттеу функциясы бар 200 Вт шамдарды орнату, электр энергиясын тұтынуды 30%-ға төмендету, сондай-ақ ескі жарықтандыру шамдарын жарықдиодты шамдарға және ескі темірбетон тіректерін жаңа металл тіректерге ауыстыруға қаражат бөлу жоспарланып отыр.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: