Бүгінгі күнге дейін қазақстандық фермерлер субсидиялауға 80 488 өтінім берді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Оның ішінде 62,8 млрд теңгеге 22 315 өтінім мақұлданып, «күту парағында» тұр. Бұл өтінімдер СБМАЖ-да толығымен өңделді және Ауыл шаруашылығы басқармалары қазынашылық жүйесі арқылы төлейді.
Қазіргі уақытта 49,6 млрд теңгеге субсидиялар төленді. Егер жекелеген өңірлер келіп түскен өтінімдерді қарау, мақұлдау және төлеуде белсенділік танытқанда, бұл сома бұдан артық болуы мүмкін еді.
Атап айтқанда, Қостанай облысы субсидияларды төлеу бойынша антилидер болып отыр. Ақпан айынан бастап өңірдің Ауыл шаруашылығы басқармасының қарауында 7 мыңнан астам өтінім бар, бұл ретте 8,7 млрд теңгеге 2 695 өтінім мақұлданып, оның тек 5,7 млрд теңгесі төленді. Айта кетейік, СБМАЖ еш кедергісіз, толық штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Бұл АШБ-ның өзінде жұмысты тиісті ұйымдастырудың жоқ екенін көрсетеді. Қостанай облысының әкімдігі бұл жағдайды қызметкерлердің жетіспеушілігімен түсіндірді.
АШМ мамыр айында өңір әкімдігіне өтінімдерді қарау үдерісін жеделдету үшін бұл жұмысқа қосымша қызметкерлерді тарту қажеттігі туралы хат жолдаған болатын. Бұған әкімдіктен мәселені тезірек шешетіні туралы жауап келді. Алайда соған қарамастан, жұмыс әлі де жолға қойылмаған.
Ауыл шаруашылығы министрлігі саланың күн тәртібіндегі мәселелерді ескере отырып, 16 маусымда барлық өңірлердің басқармаларының қатысуымен кеңес өткізіп, онда Қостанай облысындағы проблемалар мен оларды шұғыл шешу қажеттілігі туралы тағы да айтылды.
Сонымен қатар, министрлік Қостанай облысы әкімінің атына кінәлілерді тәртіптік жауапкершілікке тарту мүмкіндігі туралы ұсыныс жолдау жөнінде шешім қабылданды.
Айта кетейік, қордаланған мәселені жедел шешу үшін Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов бастаған жұмыс тобы облысқа аттанды. Топ әкімдік, қаржы институттары қызметкерлері, сондай-ақ шаруалармен кездесулер өткізеді.