Бүгін Қостанай облысы Әділет департаменті «Заң және тәртіп» идеологиясын іске асыру аясында екі ынтымақтастық меморандумына қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бірінші меморандум Қостанай облысы Әділет департаменті мен Қостанай облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің департаменті арасында жасалды. Бұл құжаттың мақсаты – азаматтардың құқықтық санасын арттыру, білікті заң көмегіне қолжетімділікті кеңейту, сондай-ақ жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің еңбек құқықтарын қорғау. Тараптар еңбек дауларын заңдық тұрғыдан реттеу және еңбек заңнамасын бұзудың алдын алу мәселелері бойынша бірлесіп жұмыс істеуге ниетті.
Сурет: Қостанай облысы Әділет департаменті
Екінші меморандум Қостанай облысы Әділет департаменті «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Қостанай облысы филиалы және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» ҚЕАҚ Қостанай облысы бойынша филиалы арасында жасалды. Құжат кәсіпкерліктің өсуі мен дамуы үшін институционалдық негіз қалыптастыруға, сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар санаттағы істер бойынша берешегі бар азаматтардың қарыз жүктемесін азайту мақсатында оларды жұмыспен қамтуға бағытталған.
Келісімдер құқық қорғау және экономикалық бастамаларды іске асыру үшін жағдай жасай отырып, мемлекеттік органдар, бизнес-қоғамдастық және азаматтар арасында тиімді өзара іс-қимыл орнатуға мүмкіндік береді деп күтілуде.