Қосшыдағы 65 млн теңгелік жер учаскесі мемлекетке қайтарылды

14 Сәуір 2023, 11:39 1799

Қосшы прокуратурасы коммерциялық мақсатта жер беру кезінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан өрескел бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бас прокуратураның мәліметінше, Қосшы ауылдық округі әкімінің өкімімен 2016 жылғы тамызда жекеменшік компанияға ауданы 3,2778 гектар жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы берілді. Осы өкімнің негізінде ЖШС мен Целиноград ауданының жер қатынастары бөлімі арасында жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану туралы шарт жасалды.

Жалдау мерзімі бірнеше рет ұзартылды. Алайда 2016 жылдан бастап кәсіпорын жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбаған. Құжаттар бойынша ЖШС тұрғын үй кешенін салуды көздеген.

«Кадастрлық құны 65 млн теңге болатын бұл жер учаскесі Қосшы қаласының орталығында орналасқан және жоғары инвестициялық тартымдылыққа ие. Мұндай тұжырымды 2021 жылы ЖШС басқа заңды тұлғаға жалдау құқығын 120 млн теңгеге сатқанынан ғана жасауға болады», - делінген Бас прокуратура таратқан мәліметте.

Алайда қадағалау органы жер учаскесі ҚР Жер кодексінің 48-бабының нормаларын бұза отырып, атап айтқанда, сауда-саттық (конкурстар, аукциондар) өткізілмей берілгенін анықтады.

Прокуратураның ұсынысы бойынша Ақмола облысының Жер ресурстарын басқару департаменті жалдау шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап-арыз енгізді.

«Ақмола облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 07.11.2022 жылғы шешімімен Департаменттің талап-арыз талаптары жерді мемлекетке қайтарумен толық көлемде қанағаттандырылды. Бұл шешім 16.02.2023 жылы заңды күшіне енді», - делінген баспасөз парағында.

Қосшы қаласы әкімдігі осы жер учаскесінде мектеп салынатынын алға тартты.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: