Қосшыда құс етінен жартылай фабрикаттар өндіретін зауыт ашылды

5 Мамыр, 00:38 710

Облыс әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапары барысында Қосшы қаласындағы «IL TOV» ЖШС-де болды. Құны 3 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жоба Қазақстан мен Орталық Азияда құс етінен дайын жартылай фабрикаттар шығаратын жалғыз кәсіпорын болып табылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Зауыт жартылай фабрикаттардың алғашқы партиясын бірнеше ай бұрын шығара бастаған. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 3000 тоннадан астам дайын өнімді өндіруге жетеді. Өндірістік  желіде Германия мен Испанияның заманауи жоғары технологиялық жабдықтары қолданылады. Жалпы, зауытта 80 адам жұмыс істейді. Алғашқы өндірістік желіге 90-ға дейін адам қабылдануда.

Зауыт директоры Сәния Омарованың айтуынша, шикізатты Макинск құс фабрикасынан жеткізілсе, дәмдеуіштер мен қаптамалар Қазақстанда жасалады.

Біздің зауыт мемлекеттің қолдауымен іске асырылып жатқан инвестициялық жоба. Бұл өз кезегінде жергілікті өнімді өндіруге, қазақстандық үлесті арттыруға және осы сегменттегі импортты алмастыруға мүмкіндік береді. Яғни, біздің компания Мемлекет басшысының импортты алмастыру жөніндегі тапсырмасын орындап жатыр деп айта аламыз, - деді С.Омарова.

Дайын өнім негізінен Қазақстанның ірі қалаларында сатылуда. Болашақта Ақмоланың жартылай фабрикаттары көршілес елдер – Өзбекстан мен Ресейге экспортталатын болады.

 Өңір басшысы кәсіпорынның жұмысына оң баға берді.

Бұл Қосшы қаласында шығарылған алғашқы өнім. Жаңа піскен және сапалы жартылай фабрикаттар жақын болашақта Қосшы қаласының брендіне айналуы тиіс, - деп атап өтті М.Ахметжанов.

 «IL TOV» компаниясы тағы екі желіні орнатып, 10-12 мың тонна өндірістік қуаттылыққа жетуді жоспарлап отыр. Қосымша инвестиция көлемі  4 млрд теңгені құрайды. 

Зарина Арман
Бөлісу: