Қосшыда қайтыс болған ер адамға қатысты емхана басшылығы мәлімдеме жасады

10 Қыркүйек, 17:39 10369

4 қыркүйек күні елорда маңында орналасқан Қосшы қаласында 56 жастағы ер адам жағдайы күрт нашарлап қайтыс болды. Марқұмның туыстары бұл жағдайға жедел жәрдем қызметкерлерінің дұрыс диагноз қоймауы себеп болғанын айтып, шағымданған. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі науқастың өліміне қатысты Қосшы қаласындағы «Жанұя» емханасының медициналық директоры Бақытгүл Райымбекқызымен тілдесіп, оқиғаның мән-жайы қалай болғанын сұрады.

Марқұм 1968 жылы туған Ғажым Алтисов. Ол 2024 жылдың 16 маусымында Қосшы қаласындағы «Жанұя» емханасына тіркелген. Учетта жоқ.

2024 жылдың 3-інен 4-іне қарағанда түңгі сағат 4-те жедел жәрдемге шақырту түседі. Науқас құсу, іш ауруы бойынша шағымданды. Диспетчер оны төртінші категорияға жібереді. Бізден Бағила есімді фельдшер барады. Бағила науқастың жағдайына қарап, ауруханаға жату керегін, науқаста үшінші емес, төртінші категория екенін айтады. Сөйтіп, науқасқа облыстық үшінші категорияның фельдшерлері келеді. Олар науқасқа «сізде гастрит, плантрацид, аурухана сізді бәрі бір алмайды» деп, уколын салып тастап кетеді. Ал біздің фельдшер бұл науқасты қалалық ауруханаға жатқызу керектігін айтып, дайындап отырған еді, - дейді Бақытгүл Райымбекқызы.

Оның сөзінше, науқас сол күні түсте қайта жедел жәрдем шақырған.

Сағат 12-де науқас тағы жедел жәрдемге хабарласады. Оған Әйгерім есімді фельдшер барады. Ол кезде де науқас құсу және іш ауруы екенін айтып, шағымданған. Диспетчерлер науқастың қайта хабарласқанын көріп, біліп отыр. Сонда да қайтадан төртінші категорияға жолдайды. Біздің мамандар барған кезде науқас өзі есікті ашады, ол кезде құсу байқалмаған. Жағдайы қанағаттанарлық болған. Бірақ асқазаны ауырып тұрғанын, түнде жедел жәрдем келіп, укол салып кеткенін айтады. Екінші рет шақырып тұрғандықтан, мамандар ауруханаға апарайық деп айтқан, бірақ науқас «бармаймын, укол салып бер» депті. Сөйтіп қайтадан укол салып кетеді, - дейді «Жанұя» емханасының медициналық директоры.

Бақытгүл Райымбекқызының айтуынша, сол күні сағат 16:22-де науқас қайта жедел жәрдемге үшінші рет хабарласқан.

Ол кезде науқас қатты құсып жатқанын айтады. Диспетчер қайтадан төртінші категория бойынша фельдшерді жібереді. Олар 17:15-те барады. Себебі ол кезде басқа жердегі науқасқа барған болатын. Бірақ диспетчер жедел жәрдем мамандарына жағдайы нашар екенін, қатты құсып жатқанын айтпаған. Науқас іші ауырып шақырып жатыр деген. Біздің мамандар науқасқа хабарласып, далаға шығара беріңіз үшінші рет жедел жәрдем шақырғандықтан ауруханаға жатқызатынын айтқан. Сөйтіп, науқасты көршілерінің көмегімен төменгі қабатқа түсірген. Науқасты көлікке отырғызған кезде науқас есін жоғалта бастап, жеңіл құсу басталған. Сол кезде фельдшер қалаға жетем дегенше ең алдымен жедел жәрдем бөліміне барып, реанимациялық шара жасау керегін айтады. Себебі жедел жәрдем көлігінің орындықтары жатуға арналмаған. Сөйтіп, бірінші категория бойынша облыстық аурухананың аумағына барады. Оған 5-7 минут уақыт кетеді. Науқас есін жоғалтқаннан кейін көлікте реанимациялық шара жасалған жоқ. Тек жетем дегенше нашатыр спиртімен мұрнына иіс қойған, - дейді ол.

Бақытгүл Райымбекқызының сөзінше, науқасты облыстық аурухананың бөліміне жеткізген кезде ол есінен танып қалады. Оған укол салады, ЭКГ-ға қояды. Бастапқыда науқастың пульсі болады да, кейін пульсі жоғалып кетеді. Сол кезде мамандар реанимациялық шара жасай бастайды. Нәтижесінде жүрегі қайта соғады. Мамандар барлығы жақсы деп ойлайды. Бірақ науқас қайта кетіп қалады. Сол жерде науқасқа 50 минут реанимациялық шара жасалған.

Егер науқас жедел жәрдем көлігінде өліп қалған болса, ЭКГ-да пульсі шықпаушы еді, реанимациялық шара жасамас еді. Әлеуметтік желіде айтылғандай, жедел жәрдемді бір жарым сағат күтті деген жағдай болмаған. Науқас сағат 18:10 шамасында қайтыс болды, - деді маман.

«Жанұя» емханасының медициналық директорының айтуынша, бұл Қосшыда болған бірінші жағдай емес. Бұған дейін де диспетчерлер бірінші, екінші және үшінші категориядағы науқастарға төртінші категория деп белгілеп, дәл осы емхананың мамандарын жіберген.

Бүгінде «Жанұя» емханасында бір ғана жедел жәрдем көлігі бар. Сонымен қатар тағы бір көлікті курьер көлік қызмет көрсетеді. Ол да жедел жәрдеммен бірге қолданылады. Көліктердің барлығы да науқастарды «жатқызуға» арналмаған.

Миражан Махан
Бөлісу: