Қосшыда мас тұрғын қызын танысының үйінде ұмытып кеткен

20 Қыркүйек 2023, 19:41 778

Ақмола облысының мас күйдегі тұрғыны қызын танысының үйінде ұмытып кеткен. Бес жастағы бүлдіршін әкесінің танысымен Астанада қайыр сұраған. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бес жасар қыздың жоғалғаны туралы арыз 19 қыркүйек сағат 16:55-те Қосшы қаласының полиция бөліміне түсті. Анасының айтуынша, бүлдіршін бір сағат бұрын жоғалып кеткен.

Алайда ата-анасы таба алмаған соң, полицейлерден көмек сұраған. Дереу дабыл бойынша полиция бөлімінің жеке құрамы көтерілді, баланың жоғалып кетуі туралы ақпарат жергілікті чаттар арқылы таратылып, іздеуге еріктілер мен қала тұрғындары қосылды.

Полицейлер іздеу іс-шараларын тек Қосшы аумағында ғана емес, Астанада да жүргізді. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің анықтауы бойынша, оқиға болған күні әкесі қызымен бірге досына барып, алкогольді бірге ішкеннен кейін үйге жалғыз оралған, ал баланы бөтен адамның үйінде ұмытып кеткен. Ал ол ер адам да мас күйінде қызды алып, онымен бірге Астана қаласына барып, қайыр сұраумен айналысқан, - делінген мәліметте.

Іздеу іс-шаралары кезінде полиция қызметкерлері бейнекамерадан ер адамның жоғалған қызбен бірге жүру маршруттарын бақылаған, олар автобуспен Астанаға барып, қайтып оралған. Бес сағаттық іздестіруден кейін қыз Қосшы қаласынан табылды. Қызға қатысты ешқандай заңсыз әрекеттер жасалған жоқ.

Іс жүргізу кезінде полицейлер ер адамның белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адам екенін анықтады және оның айтуынша, баланы ата-анасына қайтаруды жоспарлаған. Қазіргі уақытта немқұрайлы ата-аналарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы 1-бөлігі (Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша әкімшілік хаттама жасалды.

Отбасы профилактикалық бақылауға алынды. Ер адамға қатысты әкімшілік хаттамалар да жасалды, ол бейімделу орталығына орналастырылды. Іздеу шаралары аяқталғаннан кейін полицейлер еріктілерге көмек көрсеткені үшін алғыс айтты.

Берік Арманов
Бөлісу: