Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жылдың қорытынды жалпы отырысында сөз сөйлеп, халықаралық және жалпыұлттық сипаттағы көптеген маңызды саяси оқиғалар болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Біз әлемдік диалогтың геосаяси орталығына айналып, өзімізді жаһандық саяси процестердің маңызды қатысушысы ретінде көрсете алдық. Еліміз бірнеше беделді халықаралық ұйымға лайықты деңгейде төрағалық етті. Нәтижесінде халықаралық сарапшылар Қазақстанға «өңірде адалдықпен келіссөз жүргізуші» деген баға берді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ресми іссапарлары да үлкен рөл атқарғанын айта кету керек, - деді Қошанов.
Мәжіліс спикерінің сөзінше, мұндай іс-шаралар мен іссапарлар ел мүддесіне қызмет етіп, мемлекетіміздің дамуына, халқымыздың әл-ауқаты артуына зор септігін тигізері анық.
Президенттің «барлық маңызды саяси шешімдер тек халықпен бірлесіп қабылданады» деген ұстанымы тағы бір мәрте іс жүзіне асты. Мұны жаңа саяси мәдениет қалыптастыру жолында жасалған елеулі қадам дер едім.
Осылайша, биыл өткен референдум нәтижесі мен елдің энергетикалық тәуелсіздігі жолындағы халықтың тарихи шешімі – ұлтымыздың ұйысуы мен қоғам белсенділігінің жарқын үлгісі болды, - деп қосты Мәжіліс төрағасы.
Қошанов мемлекет басшысының қатысуымен алғаш рет мәслихаттардың республикалық форумы өткенін алға тартып, жиын маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдауға бүкіл Қазақстан қоғамын жұмылдырудың тағы бір тиімді тетігіне айналды.
Ауқымды іс-шара саяси партиялардан, бір мандатты округтерден сайланған мәслихат депутаттарын, сондай-ақ Үкімет мүшелерін алғаш рет бір алаңда тоғыстырды.
Оны орталықтан өңірлерге дейінгі биліктің барлық тармағы арасындағы жалпыхалықтық диалогтың жаңа форматы деп атауға болады, - деді ол.
Мәжілістің төрағасы 2024 жыл Парламент Мәжілісі үшін де нәтижелі болғанын қоса кетті.
Әлеуметтік әділдік орнатуға бағытталған конституциялық нормалар биыл толық іске асырыла бастады. Қабылдаған заңдардың нәтижесін қазірдің өзінде көріп отырмыз. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы мен қолды болған капиталды қайтару туралы заң – осыған айқын дәлел. Жыл басынан бері балалардың жинақтаушы шоттарына алғашқы кіріс түсіп, заңсыз шығарылған активтерге елде әлеуметтік нысандар салына бастады, - деп атап өтті.
Сонымен қатар президенттің «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу туралы бастамасы да азаматтар үшін үлкен көмек екенін қоса кетті.
Ол жинақтар «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясындағы қаражатпен бірге өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына жол ашады. Сондай-ақ жастардың шетелде білім алуына қолжетімділігін кеңейтетін нормалар бекітілді.
Енді халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстардың жеңімпаздары «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға мүмкіндік алады. Осы шараның барлығы ел жастары үшін елеулі қолдау болмақ, - деді Қошанов.