Ұлттық музей ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов пен Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Ерлікке тағзым – елдіктің белгісі» атты көрме мен дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Аталмыш шараның мақсаты – қазақ халқының даңқты батырлары Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың неміс басқыншыларына қарсы соғыс жолындағы теңдессіз үлесін насихаттау мен олардың қайраткерлік, батырлық жолдарын бүгінгі өскелең жас ұрпаққа дәріптеу.
Көрмеде Ұлттық музейі қорынан қос батырдың фотосуреттері, архивтік құжаттары, жеке заттары, сонымен қатар қару-жарақтар, дивизия тулары, ҰОС ардагерлерінің ордендері, медальдары, хаттары және Астана қаласының мемлекеттік архивінен құжаттар қойылыпты.
Сурет: El.kz/Арман Мухатов
Ұлттық музейдің қазақстан тарихы бөлімінің ғылыми қызметкері Сырым Қасеновтың сөзінше, көрмеде Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевқа тиесілі бірнеше музей қорында сақталған құнды жәдігерлері қойылғанын атап өтті.
Суреттер: El.kz/Арман Мухатов
Көрмеге қос батырдың құрметіне арналған 100-ден астам музей қорындағы жәдігерлер қойылды. Батырдың мұраларын кең көлемде өскелең ұрпаққа насихаттау мен дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы Нұрмағамбетов пен Қошқарбаевтың биылғы 100 жылдығын ерекше атап өтуді ұсынған еді. Міне, бүгінгі іс-шара соның жалғасы ретінде Ұлттық музей қабырғасында ұйымдастырылып отыр, – деді музей қызметкері Сырым Қасенов.
Сонымен қатар ол батырдың мұралары жаңаша бағытта ғалымдардың көзімен зерттеліп жатқанын атап өтті. Мұралары әлі де зерттеуді қажет ететінін айтты.
Сурет: El.kz/Арман Мухатов
Сондай-ақ дөңгелек үстелге мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәдениет мекемелерінің қызметкерлері және армия генералы С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» республикалық колледжінің студенттері қатысты. Дөңгелек үстел барысында Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов пен Рейхстагқа жеңіс туын алғашқылардың бірі болып тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың өмірі мен ерліктері туралы айтылды.
Сурет: El.kz/Арман Мухатов
Ұлттық музей директорының ғылыми жұмыстар бойынша орынбасары Ақмарал Ибраева шараның мақсаты соғыстың жалпы мән-мағынасын, мазмұнын түсіндіре отырып, өлшеусіз үлес қосқан батырлардың жауынгерлік ерлігін насихаттау, оны жас ұрпаққа көрсету екенін тілге тиек етті.
Бұл – жиырмасыншы ғасырда сұм соғысқа қатысып, жеңіске жеткен мына бейбіт өмірді бізге алып берген бабаларымызға, даңқты жауынгерлерімізге арналған үлкен іс-шара. Рахымжан Қошқарбаев пен Сағадат Нұрмағамбетұлы атамыздың осы Ұлы Жеңіске қосқан үлестері өте зор. Сол кісілердің 100 жылдық мерейтойы республика көлемінде аталып өтіп отыр, – деді Ақмарал Ибраева.
Бұдан өзге Ақмарал Госманқызы жақында ғана «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігімен келісімшартқа отырғанын айтты. Бұл бірлестіктің жасап жатқан еңбектері өте зор екенін атап өтті.
Сурет: El.kz/Арман Мухатов
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жоғалып кеткен қазақстандық сарбаздардың жерленген орындарын анықтап, мұрағаттық-іздестіру жұмыстарымен жүйелі түрде айналысып келеді. Ұлттық музейге келіп бізбен меморандумға отырып жатыр. Соның аясында бірлесіп жұмыс атқаратын боламыз, – деді Ұлттық музей директорының ғылыми жұмыстар бойынша орынбасары Ақмарал Ибраева.
Ал Қорғаныс университетінің профессоры, полковник Қуандық Ақшолақов Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовты көзі тірісінде көргенін айтты.
Сурет: El.kz/Арман Мухатов
Бұл кез 1993 жылы еді. Ол уақытта мен аға лейтенат қызметінде жүрдім. Қара торы, бойы ұзын, ірі денелі, сөйлеген сөздері ірі сондай кісі болатын. Жалпы батырымыздан ҚР Қарулы Күштерінің әлеуеті жайында сұрадым. Сол кезде маған «Балам, жұмыс жетеді. Доктрина жазу керек. Әскерімізді көтеру үшін істелетін жұмыстар көп. Сендер сияқты жастар оны көтеру керек. Намыстарың болсын, адал жұмыс істеңдер, – деп айтқан сөзі әлі есімде дейді полковник Қуандық Ақшолақов.
Айта кетейік, көрме 2024 жылдың 20 мамырына ейін ҚР Ұлттық музейінің атриум залында көрсетіледі.
Суреттер: El.kz/Арман Мухатов