Қорғаныс министрлігі елорда тұрғындарын мерекелік концертпен құттықтады

25 Қазан, 07:29 525

Тұтас бір халықтың тарихы бір концертке сыйған. Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы Республика күнін мерекелеуге дайындаған бағдарламаны осылай сипаттауға болады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Ақмола гарнизонының әскери қызметшілері отбасыларымен, «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты. 

Елордадағы Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның сахнасында өнер көрсеткен Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы Ұлы даланың даңқты батырлары мен қазіргі жауынгерлердің қаһармандығын бейнелеп, көрермендер үшін көне тарих пен қазіргі заман үйлесімді тоғысқан атмосфераны қалыптастырды.  

Эстрадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өнер көрсеткен «Батырлар ізімен» би тобы көрермен қошеметіне бөленді.

Әншілер Дәурен Төлеубаев, Сәкен Әлімханов, Нұрсәт Алмас, Хамит Отарбаев және ерлер хорының орындауындағы «Қазақстан – байтақ елім» әні сахнаны сәнге бөледі.

«Жас сарбаз» балалар студиясының «Жайна туған жерім» әнімен орындаған қойылымы да ешкімді бей-жай қалдырмады.

Мақпал Омарова мен Санжай Әлмішев жоңғар шапқыншылығынан аман қалған қазақ халқының тарихи беттерінен хабар беретін «Елім-ай» әнін орындады.

Концерт бағдарламасында басқа да хореографиялық композицияларға, аспаптық және ән шығармаларға орын берілді.

Мерекелік іс-шара Отанның даңқты қорғаушыларды тәрбиелеген туған жердің тауларын, өзендері мен көлдерін дәріптейтін «Егемен Қазақстан» патриоттық әнімен аяқталды.

Зарина Арман
Бөлісу: