Қорғаныс министрі: Әскери педагогтардың мәртебесі арттырылуы тиіс

3 Қыркүйек, 23:41 422

Оқу жылының басталуына байланысты генерал-полковник Руслан Жақсылықов Қорғаныс министрлігінің әскери жоғары оқу орындары басшылығының және профессорлық-оқытушылар құрамының қатысуымен кеңес өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

Президенттің Қазақстан халқына жолдауында еліміздің кадрлық әлеуетін дәйекті түрде арттыру және болашақ мамандықтары бойынша мамандар даярлау міндеті қойылды. Бұл «жасанды интеллект» технологиялары мен жүйелерінің әр түрінің қарқынды дамуымен сипатталатын әскери салаға да қатысты. 

Қорғаныс ведомствосының басшысы қарулы қақтығыстардың ерекшеліктеріне тоқталды, мұнда бүгінде жаңа технологиялар, электронды күрес жүйелері, соққы беруші және көмекші құралдарды роботтандыру, сондай-ақ әскер бөлімшелерін логистикалық қолдау шешуші рөл атқаратынын айтты.  

Бүгінде қалыптасқан, ескі әдіске сүйеніп, елдің қорғаныс қабілетін нығайтуды іс жүзінде шешу мүмкін бола бермейтіні белгілі болып отыр. Соңғы жылдары түрлі соғыстар мен әскери қақтығыстар орын алды. Тез өзгеретін жағдай дәлелденбеген қағидалардан алшақтап, олардың негізінде қарулы текетірестің нысандары мен әдістеріне жан-жақты талдау жүргізуді, туындайтын қауіп-қатерлер мен сын-тегеуріндерге ден қоюдың жаңа тәсілдері мен әдістерін әзірлеуді талап етеді, – деді қорғаныс министрі.

Ол мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін шешуде классикалық әскери ғылымда қалыптасқан тәсілдерді қайта ойластыру қажеттілігі туындағанын атап өтті. 

Осы үрдістерді ескере отырып, әскери білім беру реформасы жүргізілуі, профессорлық-оқытушылар құрамының кәсіби деңгейі мен құзыреттілігі, сондай-ақ әскери педагогтардың мәртебесі арттырылуы тиіс. Әскери кадрларды даярлау жүйесінің өзі икемді және тиімді болуы, мемлекеттің қазіргі әскери ұйымының қажеттіліктері мен міндеттеріне жауап беруі керек. Ол әскери құрылыстың перспективалық міндеттерімен, оған қоса жаңа буын соғыстарының сипатын болжаумен байланысты болуы қажет, – деді ведомство басшысы. 

Ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау, бейінді әскерлермен өзара іс-әрекетке жоспарланған оқу бағдарламаларының мазмұндық бөлігін жаңғырту, кәсіби және академиялық ұтқырлық нысандарын енгізу, кейбір басшылық құжаттарды қайта қарау сынды басымдықтарға тоқталды генерал-полковник Руслан Жақсылықов әскери педагогтар алдында сөйлеген сөзінде.  

Қорғаныс министрі қазіргі заманғы әскери ғылымсыз және әскери білім берудің нақты құрылған жүйесінсіз, болжам жоспарсыз және ғылыми негізделген шешімдер қабылдамай, мемлекетіміздің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қазіргі заманғы талаптарға жауап беретін жүйесін құра алмайтынымызды атап өтті. 

Бұдан өзге ол құқықтық тәртіп пен әскери тәртіпті қамтамасыз етуге, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға, жеке құрамның өмірі мен денсаулығын сақтауға ерекше назар аударды. 

Соңында қорғаныс министрі жоғары оқу орындарының жеке құрамына мемлекеттің әскери қауіпсіздігін нығайту мүддесінде жоғары білікті кадрларды даярлауда табыс тіледі.

Перизат Саденова
Бөлісу: