Қорғалжын табиғи қорығына апаратын жол жөнделеді

Бүгiн, 15:50 176

Қызғылт қоқиқаздар мекендейтін Қорғалжын табиғи қорығына апаратын «Астана – Қорғалжын» жолы жөндеуден өтеді. Бұл көлік министрі Марат Қарабаевтың Ақмола және Қостанай өңірлеріне жұмыс сапары аясында мәлім болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Көлік министрлігінің мәліметінше, бұл жолдың орташа жөндеу жұмыстары былтыр басталды. Ақмол ауылынан Оразақ ауылына дейінгі 39 шақырымдық жол жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Жөндеу жұмыстарының алғашқы кезеңі биыл аяқталмақ.

Сонымен қатар биыл Оразақ ауылынан Қорғалжын қорығына дейінгі 110 шақырымдық жол учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары басталады. Қорғалжын ауылынан қорыққа дейінгі жол учаскесі ерекше назарда. Бұл жол өткен ғасырдың 60-жылдары салынған және қазіргі таңда асфальтобетон жамылғысы жоқ топырақ төсемінен ғана тұрады. Енді жаңа жол салынып, қауіпсіз көлік қозғалысы қамтамасыз етіледі. Бұл туристік ағынның артуына және өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына оң ықпал етеді деп күтілуде, - делінген мәліметте.

«Астана – Қорғалжын» автожолын жаңғырту облысаралық және ауданаралық күре жолдарды ауқымды орташа жөндеу жұмыстарымен қамту аясында қолға алынды. Президент тапсырмасына сәйкес жөнделетін жолдардың жалпы көрсеткіші 10 мың шақырым жолға дейін артты.

Дәл осы тапсырма аясында 2025 жылы 8 мың шақырымға жуық республикалық маңызы бар жол жөнделсе, келесі 2026 жылы 2 мыңнан астам жол жөнделмек.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: