Қордайда билеті өтпеген әншінің концертіне мұғалімдерден ақша жиналған

17 Ақпан, 15:38 11030

Жамбыл облысы, Қордай ауданында билеті өтпей жатқан әншінің концертіне мұғалімдерден ақша жиналған. Оқу-ағарту министрлігі бұл жайтқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай жазды. 

Жамбыл облысы, Қордай ауданынан мынадай хат келіпті: Айбек Қайбулла деген әнші Қордайға келеді екен, билеті өтпей жатыр екен, соның концертіне неге мұғалімдер ақша жинауы тиіс? Қордай аудандық білім бөлімінің тапсырмасы, неге мектептерге бөліп тастайды, билеті өтпесе де біз кінәліміз бе? Қайырымдылық концерт болса бір жөн. Болмайтын нәрсеге ақша жинататын, оның бәрі ұсақ нәрсе екенін түсінемін, бірақ неге білім бөлімі міндеттейді соны? Қайырымдылық концерт болса, жетімдер үйінен келіп концерт қойса с удовольствием баратын едік, мектептерге осылай бөліп тастайды, барсаң да, бармасаң да жинап бересің деп, деген хат келген. 

Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы Қордай ауданындағы жағдайға байланысты пікір білдірді. Оның айтуынша, министрліктің білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті аталған мәселе бойынша тексеру жүргізеді.

Егер заң бұзушылықтар расталса, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес тиісті шаралар қабылданады. Сонымен қатар, 'Педагог мәртебесі туралы' ҚР Заңының талаптары бұзылған жағдайда, қызметтік тергеу нәтижесінде Қордай ауданының жергілікті атқарушы органының өкіліне қатысты жауапкершілік қарастырылады, – деді Мереке Амангелдіқызы.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: