Қоқысты көшеге тастай салу әдетке айналған – Әлихан Смайылов

26 Қыркүйек 2023, 13:09 730

Премьер-министр Әлихан Смайылов жыл сайын Қазақстанда 4,5 млн тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтар пайда болатынын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қалдықтардың жинақталып қалуы және стихиялық қоқыстардың пайда болуы өзекті экологиялық проблемалардың біріне айналып отыр. Жағдайды жақсарту үшін әлемнің көптеген елдері қалдықтарды қайта өңдеп, утилизация жасауда. Тиісті инфрақұрылым жасалып, халықтың қалдықтармен жұмыс істеу мәдениеті қалыптасқан. Бұл Еуропа елдеріне қалдықтарды өңдеу көрсеткішін 50 пайызға жеткізуге мүмкіндік берді. Бүгінде Швеция елі тұрмыстық қалдықтардың 99 пайызын қайта өңдеп, пайдаға жаратып отыр. Ал біз әлі күнге дейін қоқысты жоюдың жинақтау немесе көму сияқты әбден ескірген әдісін қолданып келеміз, - деді премьер-министр.

Смайыловтың айтуынша, мыңдаған стихиялық қоқыс полигондары жағдайды қиындатып отыр. Әкімдіктер оларды жою үшін қомақты бюджет қаражатын бөледі.

Қалдықтарды заңсыз тасымалдау және жинақтау фактілерін анықтауға арналған рейдтік іс-шаралар жүргізіледі. Заң талаптарын бұзғаны үшін салынатын айыппұл мөлшері де ұлғайтылды. Алайда атқарылып жатқан шаралар жеткіліксіз. Қалдықтарды басқару саласындағы қазіргі ахуал өте күрделі күйінде қалып отыр. Осы күнге дейін заманауи қоқыс өңдеу зауыттары іске қосылған жоқ. Өкінішке қарай, бізде қалдықтармен жұмыс істеу мәдениеті қалыптаспады. Көп жағдайда қоқысты көшеге тастай салу қалыпты әдетке айналған. Қоқыс үйінділеріне қатысты ауылдардағы жағдай бұдан да күрделі, - деді Әлихан Смайылов.

Миражан Махан
Бөлісу: