Қонаев қаласында техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды

1 Желтоқсан 2022, 18:47 1038

Депутат өз сауалында саяжай тұрғындарының мәселелеріне де көтерді

Сенатор Жанболат Жөргенбаев ҚР Премьер-министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында Қонаев қаласы тұрғындарының мәселелерін көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Депутаттың айтуынша, тазарту құрылғыларының тозуына байланысты ағынды сулар облыс тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ететін Қапшағай су қоймасына құйылуы мүмкін. Бұл үлкен экологиялық апатқа әкелуі мүмкін.

"Қонаев қаласының кәріз суларын тазарту жүйесі 1968 жылы пайдалануға берілді, қазіргі уақытта бұл ғимараттар мен құрылғылардың барлығы 100 пайыз тозған. Қапшағайдағы және Балқаш көлінің төменгі ағысындағы су ластанса, бұл үлкен экологиялық апатқа айналады. Қазіргі жағдайда Қонаев қаласының аумағында техногендік сипаттағы жергілікті төтенше жағдай жарияланды. Қалалық тазарту жүйелерін қалпына келтіруге тез арада қаражат бөлу қажет деп санаймын", - деді сенатор Жанболат Жөргенбаев.

 Депутат өз сауалында саяжай тұрғындарының мәселелеріне де көтерді.  Оның айтуынша, Алматы іргесіндегі саяжайларда шешілмеген мәселе көп. Мәселен, әлеуметтік нысандардың жоқтығы, жолдардың нашарлығы, ауыз судың сапасыздығы, электр қуатының жиі үзілуі, қоғамдық көліктің жетіспеушілігі сынды.

Сонымен қатар, сенатор Қонаевтан теміржол бағыттарын ашу, қолданыстағы облысішілік автомобиль жолдарын кеңейту, автостансалар мен автовокзалдар салудың маңыздылығын атап өтті.

EL.KZ
Бөлісу: