Қоғамдық көліктерде қауіпсіздік мәселесі мүлде қарастырылмаған – сенатор

28 Желтоқсан 2023, 11:20 1704

Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай жол-көлік оқиғасы еліміздегі мегаполистердегі шешілмей келе жатқан бірқатар өткір мәселені көрсетіп отырғанын айтып, премьер-министрге депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың айтуынша, жыл сайын елімізде 2 мыңға жуық адам ажал құшады. Оның ішінде соңғы 5 жылда 1100-ден аса жасөспірім қайтыс болған.

2023 жылдың 10 айында 11 мың 618 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл Орталық Азия елдері бойынша ең жоғары көрсеткіш. Өткен аптада Алматы қаласында автобус жүргізушісіне жасалған шабуылдың кесірінен аялдамадағы үш адам, соның ішінде төрт баланың ата-анасы - ерлі-зайыпты ұстаздар қайтыс болды. Бұл жөл-көлік оқиғасы еліміздегі мегаполистердегі шешілмей келе жатқан бірқатар өткір мәселені көрсетіп отыр. Қоғамдық көліктерде қауіпсіздік мәселесі мүлде қарастырылмаған. Аялдамалардың көпшілігі көлік жолына тым жақын орналасқан. Мегаполистерде қоғамдық көлік тапшылығы аса өткір мәселеге айналды, – дейді депутат.

Сенатор қоғамық көлік тапшылығы мен жол кептелісі үлкен проблемаға айналғанын және Ұлттық статистика бюросының мәліметімен 2023 жылдың 1 қарашадағы жағдайы бойынша Қазақстанда тіркелген көлік саны 5 миллион 216 мың, оның ішінде 80 пайызы жеңіл автокөліктер, ал 2,1 пайызы ғана автобустар екенін тілге тиек етті.

 

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: