Қобыздың ерекше түрін менен басқа ешкім жасаған емес – ағаш өңдеу шебері

9 Маусым 2023, 19:32 2111

Самат Өтеболатовтың есімін оңтүстік жұрты, оның ішінде қолөнерге икемі бар жастар жағы жақсы таниды. Ұлттық аспаптарда ойнайтын өнер иелірі үшін де жат емес.  Себебі шебердің қолынан шыққан домбыра мен қылқобыз айтарлықтай сұранысқа ие. Өзгелер керек етпей, отынға жіберетін томарларды Самат Кеңесұлы өз қолымен «тірілтіп» алады. El.kz ақпарат агенттігінің Шымкенттегі тілшісі ағашқа жан бітіретін ерекше қасиеті бар шебердің ұстаханасында болып қайтты.

Көп жыл есік алдыңызда қажетсіз жатқан ағаштарыңыз болса, бойында ерекше қасиеті бар ұстаның қолына апарып табыстаңыз. Шебердің айтуынша, көп жылдық кесілген ағаштар әдемі үн шығарады.

Еңбек жолымды мектептен бастаған жылдары Шымкенттің бір балабақшасында наурыз мерекесіне арналған кеш өтті. Сонда достарыммен ән айтатын болдық. Бәрін біткен соң бой жазайық деп сыртқа шықсам, қазан-ошаққа күріш басылып жатыр екен. Соның жанында ағаштан ойып жасалған түлкінің жартылай шіріп кеткен бейнесін көзім шалды. Ары қарадым, бері қарадым. Достарым не істеп жүргенімді түсінбей дал. Олар сұрақ қойып тұрғанда, мен ойша жерде жатқан мүсіннен екі аспап ойып шығарып қойдым. Ағаш өте дәу болса да, достарыма үйге алып кетемін дедім. Олар көтере алмай ұрсып жүр. Дегенімнен қайтпай, ақыры сол мүжілген ағашты үйге әкеліп алдым, ал жолдастарым содан бері мені ағаш тасығыш деп атап кетті, - дейді шебер.

Ұстаның айтуынша, шынар, қарағаш, қарағай, жаңғақ, емен секілді қатты ағаштан жасалған қобыздар сапалы шығады. Сол себепті шебер жартысы шіріген болса да діңкені алып кетуді ойлаған. Нәтижесінде керексіз бұйымнан ол екі қобыз жасап шығарады. Біреуін алматылық азамат сатып алады. Сатып алушыға бұл қобыздың дыбысы жақсы деп, қылқобызшы Раушан Оразбаева кеңес береді. Қызығы сол, белгілі өнер иесі өзі таңдап беріп тұрған жаннан Самат ұстаның қолынан шыққан аспапты өзі сатып алуға ниет білдіреді. Бірақ әлгі азамат оған қобызды емес, Самат Өтеболатовтың аты-жөні мен мекен жайын беріп кетеді екен.

Раушан ханым екеуміздің таныстығымыз қызық басталған. Ол Шымкентке бұрын-соңды келмесе де, ешбір танысы жоқ, қаланы дұрыс танып білмесе де мені іздеп келді. Келген соң арнайы мал сойып, шеберханаға арнайы бас сұғып, сонда тұрған ағаштарды көзімен көріп, қобызды қайыңнан жасап беруіме тапсырыс беріп кетті, - дейді Самат Кеңесұлы.

Арада оншақты жылдар өткенмен таныстық жалғасып, бүгінде Раушан Оразбаева өзінің шәкірттеріне де Самат Кеңесұлының қолынан шыққан аспаптарды алдырады екен. Ұста сұранысқа қарай көбіне аққу мен жүрек тәріздес қобызды жасайтынын айтады.

Қобыздың түрін өз қиялыммен шығарып алғанмын. Басы ұшып бара жатқан аққуға ұқсайды. Мұндай қобыз тек менде бар, ешкім жасамайды. Осы кезге дейін үшеуін ойып шығардым, сол үшеуі Қазақстан бойынша үш-ақ адамда бар, - дейді ол.

Шебердің ұстаханасын көруге біз де бардық. Аядай ғана бөлме. Бірақ, ішінен не керек барлығын табуға болады.

Бірінші болып көзге түскен оң жақ қабырғадағы кескіндер, ескі домбыралар. Ал сол жақ қабырғада бұзылған гитара, мандалин секілді музыкалық аспаптар ілулі тұр.

Бұлар сәндік үшін ілінбеген. Самат Кеңесұлы жарамсыз болып қалған кез келген аспапты қайта қалыпқа келтіріп береді екен. Біз келгенде көргеніміз, сол тапсырыстардың орындалуы еді.

Жалғыз өзі емес. Жанында өзі секілді өнер десе, ішкен асын жерге қоятын шәкірті – Мейірбек Сыдықов та бар. Үшінші курс студенті - болашақ көркем еңбек және сызу пәнінің мұғалімі. Ол ағашың түрін, өңделу технологиясын, бұйымдар жасауды мектеп жүріп-ақ үйреніп алғанын айтты. Содан Әбілхан Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжіне оқуға түсіп, ағашты көркемдеу-өңдеу мамандығы бойынша тәмамдап шығады. Білімін ары қарай жетілдіру үшін ОҚПУ-ға түсіпті.  Жалпы 6 жылдан бері ағашты ойып, жан-жануарлардың мүсінін жасауға машықтанған, ал қобыздың жасалу жолын екі жыл бұрын ғана меңгере бастапты.

Екі жылда ұстазбен 5 қобыз, бірнеше домбыра жасап шығардық. Қобыз жасау оңай емес. Әбден кепкен ағашты әуелі шабамыз, одан соң сызық түсіреміз. Қалыпқа келе бастайды, одан кейін ішін оюға кірісеміз. Одан шыққан соң арнайы терісі болады. Дайын теріні суға салып ерітіп, қаптаймыз. Одан соң ғана қылқобыз дайын болады. Процесс ұзақтау. Бұл үшін ең бірінші сабыр, одан соң күш-жігер керек. Бастапқыда қанша уақыт арнайсың, соған қарай нәтижесін көресің. Барлық қажетті материалдар түгел болған жағдайда, бір қобызды дайындау үшін 15 күн уақыт кетеді, ал домбыра 4-5 күнде дайын болады, - дейді Мейірбек Сыдықов.

Үйренері көп шәкірттің қолынан шыққан туындылары көп. Самат Өтеболатов шәкірттеріне ағаш оюды ғана емес, былғарыдан қамшы, қайыс, бесік, тағы да басқа өнер туындыларын жасаудың қыр-сырын үйретеді. Дипломдық жұмыс қорғауда да талабы күшті. Ұлттық нақыштағы бұйымдар мына фотодағыдай жасалып, оқу орнының көрме орталығына қойылады және оқу корпусына кіре беріс жерлерге арнайы орнатылады.  

Бұл бастаманың негізгі авторы ОҚПУ бұрынғы ректоры Оңалбай Аяшев екен. Ұлттық дүние-танымды, салт-дәстүрді ұрпаққа сіңіруде оның жасаған ең үлкен еңбегі – оқу орнынан арнайы үйірмелерді ашуы еді дейді Самат Кеңесұлы:

Университетке 2015 жылы ауыстым. Ол кезде Оңалбай Аяшев ағамыз ректор болатын. Алдына кіргенде жұмыстарымды көрсетіп, осыны жасаймын деп едім ол кісі қолдады. Өнерді жоғары бағалайтын. Әсіресе, домбыра тартып, қобызда ойнағанымды көріп, бірден қабылдады. Әнді де айттым, күйді де шерттім. Содан суретшілердің, дизайнерлердің, кілем тоқитындардың, жөндеу жұмыстарын жасайтын мамандар мен әнші, күйшілердің басын қосып, тегін үйірме орталығын ашты. Ол үйірмеде оқыған студенттер дипломмен қоса сертификат алып шығады.

Самат Өтеболатовтің шағын шеберханасынан 10 жылдан астам уақытта жүздеген шәкірт тәрбиеленіп шықты. Алайда, ұстаз соңғы кезде заманауи мамандықтардың тұрмысқа енуі – қолөнерді үйренуге құштар жастардың қатарын азайып отырғанын қынжыла айтты.

Тіпті балаларым да қызықпайды. Үлкен ұлым 6-сыныпқа дейін жанымда жүріп, көмектесіп біраз үйреніп қалып еді, үлкейе келе қызығушылығы басқа мамандыққа ауысты. Балалардың өз таңдауы бар. Сол сияқты қазіргі жастар заманауи мамандықтарға машықтана бастаған соң ба қолөнерге тартыла бермейді. Шын ізденіп келетіндер өте аз. Технология дамығанымен қолдан жасалған табиғи әрі сапалы бұйымдарға сұраныс күн өткен сайын артып отырғанын көбісі түсіне бермейді. Оңай жұмыс емес, әрине, бірақ студенттер хобби ретінде осы саланы меңгеріп алса қосымша табыс та табар еді, - дейді ол. 

Табыс демекші, Самат Кеңесұлының тапсырысы аз емес. Университетте сабақ беруден бөлек, басқа да қолөнер бұйымдарын жасайды. Жалғыз өзі үлгере алмайтын сәттерде қасына шәкірттерін шақыртады, сөйтіп табысты теңдей бөледі.

Айтпақшы, шеберханада бізге таңсық болған аспап – тұяқтар еді. Шынайы. Жасалуы қызық екен. Кәдімгі ет асқандай жақсылап қайнатады. Сүйектерін түсіріп, тазалап, өңдеп, одан соң әрлейді.

Жорға, Телқоңыр, Күреңқасқа, Торжорға деген сияқты Абайдың күйлері бар. Солардың барлығына аттың жүрісі керек. Оның жүрісін көрсету үшін не керек – тұяқ керек. Тұяқтан көненің дыбысын келтіру қажет. Ағаштан тұяқ жасағаннан гөрі тұяқтың өзінен шыққан дыбыс таза шабыстың жүрісін келтіреді, - дейді шебер.

Самат Кеңесұлы тауда туып, тауда өскеннен соң болар дала үніне көп көңіл бөледі. Аспапта орындағанда дыбыстардың таза естілуін қадағалайды. Музыкалық аспаптың кез келгенінде ойнай алатын кәсіби маман домбыраны да, қобызды да әуелі өзі тартып, өзі тексеріп көреді.

 

Бабамнан келе жатқан қасиет қой бұл. Әкем Кеңес оқымай-ақ ағаштан неше түрлі түйін түйетін. Әкемнің қасында жүріп үйрендім. Ол оқығанда мені он орап кететін еді. Әулетімізбен қолөнерге бейімбіз. Ат әбзелдерін де жасаймыз. Өзім кішкентайымнан домбыраға қатты қызықтым. Ауылда пианино үйірмесіне қатысып, пианинода ойнауды меңгердім. Ал домбыраны қызығып жүріп тартып кеттім. Даусым жоқ, ән айтқаннан күй тартқан ұнайды. Соған қарамастан университетке түскенде «Қазығұрт» ансамбілін құрдым. Тойға, құдалыққа шығатынбыз. Ол құрам әлі де бар. Өнердің ортасында жүргендіктен шығар, аспаптардың дауысын солай өзім ажырата берем. Кейде кем-кетігімді білу үшін кәсіби күйшілер мен қобызшылардың кеңесіне жүгінем, - дейді Самат Өтеболатов.

Айтып өтейік, Самат Кеңесұлының жан жары Жазира да кәсіби әнші. Эстрада жұлдызы Алтынай Жорабаевамен бір топта оқып, бітіріпті. Өнерлі отбасыда өмірге келген екі ұл, екі қыз ата-ана жолын жалғамаған. Дегенмен қанда бар қасиет бойдан кетпесі анық.

Эльмира Жапарбекқызы
Бөлісу: