26 сәуір күні «Ақтөбе» өз алаңында «Ұлытауды» қабылдайды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов стадионның ойын алаңы, жанкүйерлерге арналған орындар, жарықтандыру, дыбыс жүйесі мен қауіпсіздік талаптары жіті назарға алынып, барлық инфрақұрылым футбол мерекесіне әзір екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, матч кезінде көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті қызметтермен бірлескен іс-шаралар жоспарланған.
Өңір басшысы «Ақтөбе» футбол клубы жаттығып жүрген Олимпиадалық резервті даярлау орталығының базасында жаттықтырушы құрам және ойыншылармен кездесті. Кездесуде жаттығу барысы, ойыншылардың дайындығы және алдағы маусымдағы жоспарлар туралы айтылды. Сондай-ақ, облыс әкімі спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын жеткізді.
Көптің көкейінде жаңа стадион қашан салынады деген сұрақ жүр. Алдын-ала дайындықты бастап кеттік. Спорт нысаны «Алтын Орда» ықшам ауданында бой көтереді. Жері белгіленді. Жобалық-сметалық құжаттары біте салысымен, мемлекеттік сараптамаға жолданады. Қазіргі уақытта мамандар құрылысты тез арада бастау үшін жұмыс істеп жатыр. Біз Президент тапсырмасы аясында шетелдік инвестицияларды тарта отырып, осындай нысандардың көптеп салынуына жұмыс істейміз, - деді Асхат Шахаров.
Әкім командаға сәттілік тілеп, ақтөбелік жанкүйерлердің үміті мен сенімі зор екенін атап өтті.
Әдетте біз Орталық стадиондағы ойындарды мамыр айында бастайтын едік, міне, биыл бір ай ерте матч өткізгелі жатырмыз. Команда алдында үлкен міндеттер тұр. Барлық жағдай жасалды. Дайындықты күшейту керек. Ақтөбе халқы әрқашан өз командасын қолдап келеді. Сіздердің әр ойындарыңыз – жанкүйерлер үшін үлкен оқиға. Сондықтан, бар күш-жігерлеріңізді салып, ел намысын қорғауға дайын болыңыздар. Біз сіздерге сенеміз, әрдайым спортшыларымызға қолдау білдіреміз, - деп атап өтті ол.
Кездесу барысында «ақ-қызылдар» қолдауға алғысын білдіріп, алдағы матчтарға жоғары дайындықпен шығуға уәде етті.