Қобдада су тасқынынан зардап шеккендерге үй салынып жатыр

31 Наурыз 2023, 17:52 1334

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Қобда ауылында су тасқынынан зардап шеккендерге арналып салынып жатқан 24 үйдің құрылыс барысымен танысып, құрылысшылармен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Құрылыс жұмыстарын бастап кеттік. Бір мердігер компанияға 5-6 үйден салу міндеті қойылған. Құрылыс материалдарын жеткіздік. 10 құрылысшы салып жатыр. Бір үйдің аумағы - 100 шаршы метрден. Ешқандай мәселе жоқ, - деді өз сөзінде «AiserStroyService» ЖШС директоры Айдын Есмұханов

Жалпы Қобда ауылының Жаңақоныс шағын ауданында бой көтеретін 24 үйді бес мердігер компания, яғни «Бабек-Құрылыс», «Ұлан», «Альянс Сервис», «СтройКомСервис», «AiserStroyService» салады. Бүгінде жұмыстар қарқынды жүргізілуде, 7 үйдің іргетасы қаланды. Техникалар тартылған, құрылыс материалдары, жұмыс күші жеткілікті.

Өңір басшысы құрылыс алаңына жиналған тұрғындармен бірге үй қасбетінің жобасын таңдап алды. 24 үйдің иелерімен тілдескен Ералы Тоғжанов құрылыс жұмыстары жеке бақылауында екенін алға тартты.

Әрбір қиындықтың артында жақсылығы болады. Екі айда үйдің барлығын салып, пайдалануға береміз. Аумағы 100 шаршы метрлік баспаналардың қасбетін өздеріңіз таңдасуға көмектестіңіздер. Әр үй иесін бізбен бірге болуға шақырамын. Өйткені, бұл үйлердің иелері - сіздер. Құрылыс жұмыстары - жеке бақылауымда, - деп атап өтті облыс басшысы. 

Қобдалықтар өңір басшысына облыстық әкімдік тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлық үшін алғыстарын білдірді.

EL.KZ
Бөлісу: