ҚМДБ Ғұламалар кеңесі квадроберлерге қатысты үкім шығарды

Бүгiн, 16:47 174

Қазақстан мұсылмандары діни бірлестігінің Ғұламалар кеңесі соңғы уақытта танымал болып тұрған квадробикаға қатысты шариғат үкімін жария етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Түсіндіре кетейік, квадроберлер – жануардың сыртқы түрін (бейнесін) көрсететін бетперделерді, құйрығы мен құлақтарын тағып алып, жануардың іс-қимылдары мен әдеттеріне еліктеп, солар сияқты өмір кешетіндер.

Құранда: "Біз Адам балаларын ардақты етіп, құрлықта да, теңізде де (емін-еркін) жүргіздік. Һәм таза (адал) азықтарды ризық етіп бердік. Сондай-ақ оларды жаратқан нәрселеріміздің көбінен әлдеқайда үстем еттік", – деген. Келесі аятта: "Шын мәнінде, біз адам баласын ең көркем бейнеде жараттық", – делінген. Демек, бұл аяттардан адам баласының жануарға еліктеп, сол дәрежеге түсуі, төрт аяқтап жүруі, өзін ардақтау емес, қорлау болып саналатынын түсіндіреміз, – делінген ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мәлімдемесінде. 

Ғұламалар адам баласының жануарға еліктеуі түгілі әйел кісінің ер адамға, ер кісінің әйелге еліктеуіне де шариғатта тыйым салынғанын да еске салды. 

Сондықтан жануарларға тән сипаттарға (ит сияқты үру, есек сияқты ақыру т.с.с.) әдейі еліктеу, төрт аяқтап жүріп, олардың тамағын жеу, іс-қимылдарын істеу Алла Тағаланың жаратқан жаратылысын өзгерту болып табылады. Ал батырды арыстанға, айлакерді түлкіге, сабырлыны түйеге теңеу, сол секілді театрлық қойылымдар, балаларға арналған ойындар және тағы басқа "квадробердің", яғни адамның жануарға еліктеуіне жатпайды, – делінген ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мәлімдемесінде. 

ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің шешімі: Квадроберге, яғни жануарлардың деңгейіне түсіп, оларға еліктеп дауыс шығаруға, іс-қимылдарын жасауға шариғат бойынша қатаң тыйым салынады.   

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: