QJ League: жасөпірім футболшылар арасында үздіктер марапатталды

31 Қазан 2023, 13:27 892

Freedom QJ League жасөспірімдер футбол лигасының бірінші маусымы өз мәресіне жетіп, үздіктер марапатталды. Алматыда өткен жабылу салтанатында әр номинациялар бойынша оқ бойы озып шыққандарға сыйлықтарды Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов, федерацияның вице-президенті және QJ League президенті Рохус Шох, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев, отандық футбол ардагерлері және ұлттық құрама өкілдері табыстады. 

Естеріңізде болса, Қазақстан футбол федерациясы, Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы және Freedom Holding Corp. компаниясының бастамашылық етуімен бұл жобаның жүзеге асатыны туралы наурыз айында мәлім болған.

Мамандар QJ League елімізде ұлттық маңызы бар, бірнеше жыл ішінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен дарынды жастардың шеберлігін шыңдауға мүмкіндік беретін жобаға айналатынын айтып сендірген.

Ал жобаның басты демеушісі Freedom Holding Corp. басшысы елімізде балалар арасында бұқаралық спорттың дамуына қолынан келгенше атсалысатынын алға тартқан болатын.

J League – бұл ҚФФ және ҚКФЛ бізбен тығыз ынтымақтастықта жүзеге асырылатын үлкен әлеуметтік жоба. Біздің ортақ мақсатымыз – қазақстандық футболды және жастарымызды дамыту. Біз футболшылар туралы ғана емес, жаттықтырушылар, төрешілер, менеджерлер және спорт индустриясындағы басқа да сұранысқа ие мамандар туралы айтып отырмыз. Қазақстанда футболға, әсіресе өңірлерде үлкен әлеуметтік сұраныс бар. Футболда нәтижеге бірден жете алмайсыз, - деген QJ League қамқоршылық кеңесінің төрағасы Тимур Турлов.

Сөйтіп 18 жасқа дейінгі футболшылардан құралған 12 команда қатысатын лиганың алғашқы маусымы 22 сәуірде басталып кетті. Жоба авторларының сөзіне қарағанда, алдағы үш жылда әртүрлі жас ерекшеліктері бойынша қатысушылар саны ұлғайтылмақ.

Иә, бастапқыда көпшілік күмәнмен қараған бұл жоба өзінің болашағы зор екенін дәлелдеп үлгергендей. Бұл ұйымдастырушылардың жобаға жоғары жауапкершілікпен қарағанының арқасы болса керек. Матчтардың барлығы лиганың YouTube-тегі арнасында тікелей эфирде көрсетілді. Одан қалды республикалық спорт телеарналары да турнир кездесуілерін көпшілік назарына ұсынып отырды. Ең бастысы, ойыншылардың алаңсыз жаттығуы үшін толық жағдай жасалды.  

Ұлттық құрама бапкері Магомед Адиев бұл жоба жастар үшін жақсы алаң екенін, енді аянып қалмау керектігін алға тартты. 

Жұмысты төменнен бастау керек. Яғни балаларға, жасөспірімдерге, жас мамандарға көңіл бөлу арқылы үлкен спортты дамытамыз. Мұны QJ League ұйымдастырушылары түсініп, жобаны қолға алды. Бастысы, ғұмыры ұзақ болсын деп тілейміз. Мұндай жобалар жастардың шыңдалуына, тәжіриби жинауына, өз-өзіне деген сенімнің артуына септігін тигізеді. Бізге көзінде оты бар, бойында намысы бар, еңбекқор ұрпақ керек. Түсінемін, қай-қайсысыңыз болсын ұлттық құрамада өнер көрсетсем, мықты клубтардан шақырту алсам деп армандайсыздар. Дегенмен сол арманға қол жеткізу үшін қажыр-қайрат, тынымсыз еңбек керек екенін естеріңізден шығармасаңыздар екен деймін, - деді бас бапкер.

Тұңғыш рет ұйымдастырылған аламанның марапаттау рәсімінде маусымның жеңімпаз командасымен қатар жекелей номинациялар бойынша да үздіктер анықталды. Ал марапаттау рәсімі әлемдік жұлдыздардың кеші іспеттес өтті. Алматыдағы жаңа театр, қызыл кілем, папарацци, сұхбаттар. 

Лигада Үздік қақпашы атанған Саятхан Құсайынов бұл жобаның оның спорттық карьерасында үлкен баспалдақ екенін ерекше атап өтіп, бұл жолда біраз шыңдалғанын тілге тиек етті.

Алла бұйыртып, номинацияда жеңіске жеттім. Ол үшін командалас әріптестеріме, бапкерлер штабына, сонымен қатар жоба ұйымдастырушыларына үлкен алғыс айтамын. Өмірімде бірінші рет қызыл кілеммен жүріп өттім. Өзіңді құдды жұлдыз сезінеді екенсің. Бұл біз секілді қанаты қатпаған жастар үшін үлкен мотивация. Болашақта ел намысын да абыроймен қорғасам деймін. Бүгінгі жеңісімді ата-анама арнаймын, - деді Құсайынов. 

Ал өзінің атындағы сыйлықты табыстау үшін арнайы келген Қазақстан құрамасының қақпашысы Игорь Шацкий мұндай жобалардың отандық футболдың дамуына қосар үлесі зор екенін, сонымен қатар үздік сейв авторына сыйлықты табыстау өзіне көрсетілген үлкен құрмет екенін де жеткізді. Бір қызығы, Шацкий бұрын-соңды қызыл кілеммен жүріп көрмегенін де айтты.

Жігіттер үшін шын қуанып тұрмын. Мынадай қызыл кілеммен жүріп өтудің өзі ғанибет қой. Қандай әдемі көрініс. Шынымды айтсам, бұған дейін ешқашан қызыл кілеммен жүріп өтпеппін. Сондықтан жастарымызға бүгінгідей маңызды күнде өздерін ерекше сезінуге мүмкіндік жасаған QJ League ұйымдастырушыларына алғысымды жеткіземін. Іс-шараға келіп сыйлық табыстау үлкен мәртебе. Бастысы, еңбектенуден жалықпау керек. Еңбек міндетті түрде жетістіктерге жетелейді. Болдым-толдым деудің қажаті жоқ. Жоба қатысушыларының спорттағы қадамдары енді басталып келе жатыр. Сол сәтті болсын деймін! - деп пікір білдірді ұлттық құрама қақпашысы. 

Бұдан бөлек ол матчтардың тікелей эфирде көрсетілуі, оқырманның ойыншылар туралы ақпаратты әлеуметтік желілер арқылы бақылап отыруы жауапкершілік жүгін арттыратынын да қоса кетті. Тиісінше жастарға келесі маусымда бұдан да мықтырақ өнер көрсетуге тілектестік білдірді.

Сонымен, жеңімпаздар тізімі мынадай:

Жәнібек Қабдыркен – жылдың үздік сейвінің авторы

Олжас Байбек – Үздік жартылай қорғаушы

Үздік қорғаушы – Руслан Захаров

Үздік қақпашы – Саятхан Құсайынов

Үздік медиа-ұжым – «Ақсу» командасының медиа-ұжымы

Үздік жетекші – Александр Кузнецов

Максим Габунов – маусымның үздік бапкері

Рамазан Бағдат – Freedom QJ League 2023 маусымның үздік сұрмергені

Ал «Қайрат» алғашқы маусымның жеңімпазы атанды. Маусым бойы жинақы ойын өрнегін көрсетіп, қарсыластарынан бір бас жоғары болған алматылықтар бұл атаққа қол жеткізу үшін барын салып бақты. Нәтиже де соған сәйкес. 

Күміс жүлде Алматының тағы бір командасы «Жас Қыранға» бұйырса, үздік үштікті «Ақтөбенің» жастары қорытындылады. 

Мадина Асылбекова
Бөлісу: