Қиын жағдайда қалған әйелдер қайда хабарласа алады

5 Қаңтар, 12:00 1293

Қиын жағдайда қалған әйелдер Астана қаласы әкімдігі жанына құрылған «Үміт» дағдарыс орталығына хабарласа алады. Орталық стационар жағдайында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін құрылған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл орталық 50 орынға арналған, төрт мезгіл тамақпен қамтамасыз етеді және қызмет алушы 1 айдан 6 айға дейін тұрақтай алады.

Орталық ашылғалы бері 2013 жылдан бастап 2337 әйел мен бала қызметке жүгінген. 2023 жылды 214 қызмет алушы қабылданыпты, оның ішінде 60 әйел, 154 бала бар. Дағдарыс орталығы сегіз бағыт бойынша арнайы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Оның ішінде дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету, емдеу манипуляцияларын жүргізу, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға жәрдемдесу, медициналық-әлеуметтік, сот-медициналық, наркологиялық және психиатриялық сараптамаға жіберу үшін құжаттарды дайындауға жәрдемдесу, денсаулық сақтау ұйымдарының бейінді мамандарынан кеңес алуға жәрдемдесу – бұл бір ғана бағыты. Сондай-ақ психологиялық кеңес беру мен диагностика, психологиялық түзету мен психологиялық тренингтерді атап өткен жөн. Қызмет алушыларға жеңілдіктер, жәрдемақылар, өтемақылар және басқа да төлемдер алуға, тұрғын үй мәселелерін шешуге де жәрдемдеседі. Азаматтық, тұрғын үй, отбасылық, еңбек, зейнетақы, қылмыстық заңнама мәселелері бойынша кеңес беріледі. Құжаттарды дайындауға және тиісті адресаттарға жіберуге де көмек көрсетіледі.

Әлеуметтік жұмыс мамандары кейс-менеджмент технологиясын белсенді қолданып, қызмет алушылардың оңалтудан кейінгі патронажын енгізді, бұл әрбір жағдайды егжей-тегжейлі зерделеуге және дағдарыс орталығынан басқа, шығарылғаннан кейін бір жыл ішінде көрсетілетін қызметті алушыларды алдағы уақытта бақылауға, қажет болған жағдайда, көмек көрсетуге мүмкіндік берді, - дейді «Үміт» дағдарыс орталығының басшысы Ғалихан Қоқанбеков.

Астана қаласы әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Баян Тойкебаева өткен жылы елімізде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза күшейтілгенін атап өтті.

Енді полиция қызметкерлері жәбірленушінің өтінішінсіз іс қозғай алады, ал ерлі-зайыптылар татуласу үшін сотқа бір рет қана бара алады, - деді ол.

ІІМ-де биыл құқық қорғау органдарының әйел қызметкерлерін барынша тарта отырып, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімше құрылады.

Дағдарыс орталықтарының саны ұлғаяды, отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға әлеуметтік-психологиялық түзету практикасы енгізілетін болады, - дейді Тойкебаева.

Отбасымен, әйелдермен және балалармен байланысты мәселелерді егжей-тегжейлі зерттеу үшін өткен жылы комиссия жанынан үш жұмыс тобы құрылған. Комиссия бірқатар қалалық басқармалармен, ҮЕҰ және БАҚ-пен белсенді ынтымақта жұмыс істейді.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: