ҚХА-ның 30 жылдық мерейтойына арналған негізгі бастамалар

Кеше, 17:06 187

Бүгінде Қазақстанда 124-тен астам этнос өкілдері татулық пен келісімде өмір сүреді. Олар елдің толыққанды азаматтары және мемлекеттің дамуына елеулі үлес қосып келеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, қазақстандық бірегейлікті нығайту, этносаралық шиеленістің мен қақтығыстардың алдын алу – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары. 

Мәдениет және ақпарат министрлігі 2024 жылы этносаралық келісімді нығайтуға, қақтығыстардың алдын алуға, этномедиацияны дамытуға, мамандарды даярлауға және этносаралық саладағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға бағытталған кешенді шараларды іске асырды.

Солардың бірі – 1 наурызда «Алғыс айту» күніне орай ұйымдастырылған республикалық телекөпір. Оған 1000-нан астам адам қатысты. Іс-шара аясында «Қайырымдылық керуені» республикалық акциясы және «Шаңырақ» шығармашылық байқауы өтті.

Жылдың маңызды оқиғаларының бірі – 25 сәуірде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) «Бірлік. Жасампаздық. Прогресс» XXXIII сессиясы. Оған мемлекет басшысы төрағалық етті. Сонымен қатар, 28 сәуірде «Бірлік жүгірісі» атты жартылай марафон өтті. Оған 15 өңірден 15 мың адам қатысты.

2024 жылы ҚХА жанынан «Жомарт жан» қоғамдық орталықтары құрылды. Олар бірнеше волонтерлік және қайырымдылық акциялар ұйымдастырды. Атап айтсақ, «Жүректен жүрекке» және «Мектепке жол» акциялары өтті. Жалпы, өткен жылы ҚХА мүшелері мұқтаж азаматтарға 1,3 млрд теңге көлемінде көмек көрсетті.

«Жомарт жан» орталықтары негізгі 4 бағыт бойынша қызмет етеді.

Мектепке жол – бұл көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды жыл сайын мектепке дайындауға көмек көрсететін қайырымдылық акциясы. 2024 жылы 6,5 мыңнан астам бала мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен киімдермен қамтамасыз етілді. Жалпы, 260 млн теңге қаржы жұмсалды.

Жүректен жүрекке – бұл табиғи апаттар мен төтенше жағдайлар кезінде азаматтарға қолдау көрсетуге бағытталған жоба. Жоба аясында волонтерлердің көмегімен зардап шеккен өңірлерге 1700 тоннадан астам азық-түлік, дәрі-дәрмек және бірінші кезекте қажетті тауарлар жеткізілді. Гуманитарлық көмектің жалпы сомасы 805 млн-нан астам қаржы жұмсалды.

Мейірім – инклюзивті топтар мен әлеуметтік осал азаматтарды қолдау бағыты. 2024 жылы жоба аясында 1320 отбасы және 483 азаматқа әлеуметтік көмек көрсетілді.

Қамқор – спорттық және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған қайырымдылық жобалары. 2024 жылы өңірлерде жаңа спорт алаңдары құрылды, спортпен шұғылдануға арналған орталықтар ашылды, сондай-ақ мектептер заманауи білім беру құралдарымен жабдықталды (мысалы, интерактивті тақта және т.б.).

Сонымен қатар, былтыр ҚХА 13 арнайы қоғамдық жобаны жүзеге асырды. ҚХА-ның 10 қоғамдық құрылымы белсенді жұмыс атқаруда. Олардың қатарында Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі, Журналистер клубы, Ғылыми сарапшылар кеңесі, «Жомарт жан» орталықтары, Этномедиация кеңесі, Шығармашылық ұжымдар қауымдастығы, Студенттік ҚХА, Жас ғалымдар клубы бар. 

ҚХА мыңнан астам этномәдени бірлестікпен тығыз байланыс орнатқан.

Еліміз бойынша 35 Достық үйі мыңнан астам этномәдени бірлестік үшін заманауи комьюнити-орталықтар ретінде қызмет етеді. 2024 жылы бұл орталықтарда 2 757 іс-шара ұйымдастырылып, оған шамамен 300 мың адам қатысты.

2024 жылы ҚХА құрылымдарының қатысуымен 15 000-нан астам әлеуметтік маңызы бар іс-шара өтті, 700 мың адам қатысты.

Елдегі төрт университеттің журналистика факультетінде «Этносаяси сауаттылық» атты арнайы курс енгізілді.

Этносаралық қатынастар саласындағы маңызды бағыттардың бірі – қақтығыстардың алдын алудың тиімді тетігі ретінде этномедиацияны дамыту. 2024 жылы 233 кәсіби этномедиатор республикалық, өңірлік және жергілікті деңгейде даярлықтан өтті. Сондай-ақ 30 семинар мен тренинг өткізіліп, 1 207 адам оқытылды.

Этносаралық қатынастардың жай-күйін объективті бағалау мақсатында 2 социологиялық зерттеу жүргізілді, өңірлерге 10 мониторингтік сапар жасалып, олардың қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға тиісті ұсыныстар берілді.

Зерттеу нәтижелері бойынша ел азаматтарының 97,3%-ы этносаралық жағдайды тұрақты және қолайлы деп бағалады.

Этносаралық мәселелер бойынша 80 өңірлік ақпараттық-түсіндіру тобы 160 мыңнан астам адам қатысқан 3 000-нан астам іс-шара өткізді. Олар конференциялар, кездесулер, семинарлар, кеңестер, дөңгелек үстелдер және басқа да форматтарда өтті.

Министрлік нәсілдік кемсітушіліктің барлық түрлерін жою туралы халықаралық конвенцияны орындау және антидискриминациялық заңнаманы талқылау мәселелері бойынша тұрақты ведомствоаралық жұмыс тобын құрды. Жұмыс қорытындысы бойынша осы саладағы заңнаманы жетілдіруге арналған ұсыныстар әзірленді.

Қазақстанда қоғамдық келісім мен этносаралық өзара іс-қимылды нығайту жөніндегі жүйелі жұмыс 2025 жылы да жалғасын табады. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың төрағалығымен ҚХА-ның XXXIV мерейтойлық сессиясы өткізіледі. Бұл – ұлттық бірлікті дамытудағы басым бағыттарды айқындайтын негізгі іс-шаралардың бірі болмақ.

ҚХА-ның 30 жылдығына дайындық аясында 400-ден астам ірі іс-шараны ұйымдастыру бойынша жоспар әзірленіп, бекітілді. Сонымен қатар, ҚХА Антологиясы мен мерейтойлық медалі шығарылады.

Биыл ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына, мемлекеттік органдар мен қоғамдық құрылымдардың этностарды қазақстандық қоғамға интеграциялау тиімділігін арттыруға, сондай-ақ этносаралық тұрақтылықты қамтамасыз етуде азаматтық қоғамның рөлін күшейтуге ерекше назар аударылады.

Бұл саладағы кәсіби мамандарды дамыту үшін ҚХА Журналистер клубы аясында 200-ден астам журналист оқытылады, ал этносаралық қатынастар саласындағы 1000-нан астам кәсіби келіссөз жүргізушінің біліктілігі арттырылады.

2025 жылғы негізгі басымдықтардың бірі – салалық кадрларды даярлау. «Этносаясаттану» және «Этножурналистика» мамандықтары бойынша оқытылған мамандардың санын арттыру жоспарда бар.

Сонымен қатар, ҚХА жобалары, Достық үйлері, лингвистикалық кабинеттер және басқа да мамандандырылған құрылымдар арқылы мемлекеттік тілді этносаралық қатынас тілі ретінде қалыптастыру жұмыстары күшейтіледі.

Бұл міндеттер Қазақстан Республикасында қазақстандық патриотизмге, азаматтық бірлікке және ел халқының рухани-мәдени тұтастығына негізделген қоғамдық келісім мен жалпыұлттық тұтастықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: