Қазір Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясы басталмақ. Іс-шараға президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады. Мәжіліс депутаттары Наталья Дементьева мен Максим Рожин Қазақстан халқы Ассамблеясының бүгінде ел өміріндегі орны мен рөлі туралы ой бөлісіп, соңғы 30 жылдағы дамуына жоғары баға беріп, пікірлерін ортаға салды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Біз бәріміз Қазақстан халқы Ассамблеясының жетістіктерінің куәсіміз. Отыз жыл бұрын ол консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылған болатын. Ал бүгінде Ассамблея — конституциялық мәртебесі бар, қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің маңызды тетігіне айналды, — деді депутат Наталья Дементьева.
Оның айтуынша, Ассамблеяның жұмыс бағыты жылдан-жылға кеңейіп, жаңа құрылымдар белсенді жұмысын бастады.
Бүгінде Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі секілді қоғамдық институттар халықпен тығыз жұмыс жүргізіп, ел ішіндегі татулықты нығайтуға зор үлес қосып отыр. Сонымен қатар этномедиацияның рөлі де ерекше. Өйткені өңірлерде туындайтын дауларды шешуде бұл бағыттың маңызы зор, — деді Наталья Дементьева.
Депутат кейбір келеңсіз жағдайларға этносаралық сипат берілетінін сынға алды.
Кейбір әлеуметтік-тұрмыстық сипаттағы дау-дамайларға бірден «этносаралық қақтығыс» деген баға беріліп кететіні өкінішті. Бұл дұрыс емес. Қандай да бір дау болса, оған қатысушылар — бәрі Қазақстан азаматтары. Біз мұны ұмытпауымыз керек. Ел бірлігі — бұл біздің басты байлығымыз. Сол байлықты сақтау және оны келер ұрпаққа аманат етіп жеткізу — бәріміздің ортақ міндетіміз, — деді мәжілісмен.
Сондай-ақ депутат қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты сақтау үшін әрбір азаматтың жауапкершілігі зор екенін атап өтті.
Мәжіліс депутаты Максим Рожин Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі мен болашағы туралы ой бөлісіп, қазіргі кезеңдегі басты міндеттерін атап өтті. Оның айтуынша, қоғам мен уақыт талабына сай Ассамблеяның құрылымы мен қызмет бағыттары да өзгеріп келеді.
Біз Мәжіліске партиялық өкіл ретінде сайланғаннан кейін, ұлттық мәселелерді де қамтитын топтардың жұмысына белсене араласамыз. Мәжіліс тарапынан осы бағыттағы өзгерістерге бақылау жасап, заңнамалық бастамаларға араласамыз. Ал Сенатта Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан сайланған бес депутат жұмыс істейді. Бұл — Конституциялық реформалардың нәтижесінде жүзеге асқан маңызды өзгеріс, — деді депутат.
Сондай-ақ депутат этносаралық қатынастарға әсер ететін кез келген құқықтық нормаларды әзірлеу барысында Ассамблея өкілдері белсенділік танытатынын айтты.
Ассамблея өз жұмысын қоғамдағы сұранысқа сай бейімдеп отырады. Бұл – табиғи процесс. Себебі 1995 жылы Ассамблея құрылған кездегі міндеттер мен қазіргі мақсаттар арасында үлкен айырмашылық бар. Уақыт өз түзетуін енгізуде. Мысалы, еліміздегі этникалық құрамның өзі отыз жыл ішінде айтарлықтай өзгерді. Сондықтан Ассамблеяның мақсаттары мен ішкі құрылымы, оған қойылатын талаптар да соған сай өзгеріп келеді, — деді ол.
Депутат соңғы жылдары мемлекет басшысының бірлік пен тұрақтылық мәселесіне ерекше көңіл бөліп отырғанын еске салды.
Соңғы үш жылдағы сессияларда президент бірнеше мәрте: «Бірлік болмаса, даму да болмайды», — деп атап өтті. Бұл жай сөз емес. Қазіргі жаһандық ахуал, сырттағы оқиғалар еліміздегі этносаясатқа да өз әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан Ассамблеяның ең басты міндеті — сыртқы ықпалдарға қарамастан ішкі бірлікті сақтау, — деді Рожин.
Сөзінің соңында депутат Ассамблеяның болашағына қатысты пікір білдіріп, оның қоғамда сұранысқа ие институт ретінде жұмысын жалғастыратынына сенім білдірді.
Кейбір әріптестеріміз Ассамблеяның болашағына қатысты сұрақ қойып жатады. «Бұл ұйым әлі де қажет пе?» деген пікірлер де бар. Менің ойымша, қоғамда бейбітшілік пен келісімге деген сұраныс бар кезде, Ассамблеяның да жұмысы маңызды бола береді. Өйткені бұл – еліміздің біртұтастығы мен тұрақтылығының кепілі, — деді Мәжіліс депутаты Максим Рожин.