ҚазҰУ жатақханасында аздаған жарықшақтар анықталған – Саясат Нұрбек

23 Қаңтар, 11:43 1561

Әлеуметтік желіде Алматыдағы ҚазҰУ жатақханасының қирағаны туралы ақпаратқа қатысты ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта Алматыда 35 университетте 198 мыңнан астам студент оқып жатыр. Жер сілкінісі туралы ақпарат түскен кезден бастап ол бірден назар аударғанын жеткізді.

Студенттер шұғыл түрде эвакуацияланды. Барлығы ұйымдасқан түрде өтті. Университеттердің ректорлары мен проректорларына алғыс білдіремін. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың № 6 және 8 жатақханаларында құрбандар мен қирандылар бары туралы фейк мәлімет тарады. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Біз бірден ақпараттық хабарлама жібердік. Аздаған жарықшақтар анықталды. Қазіргі таңда жағдай толық бақылауда. Барлық ректормен және жатақханаларға жауапты тұлғалармен байланыстамыз, – деді Саясат Нұрбек.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде жер сілкінісінен ғимаратқа қатты зақым келгені туралы ақпарат тарап кеткен болатын.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: