ҚазҰУ мен Сеулдің киберуниверситеті арасында келісімге қол қойылды

28 Мамыр 2023, 15:55 811

Сеул кибер университеті мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

Сеул кибер университетінің басшысы Ли Ен Чжомен кездесуде Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ қызметі мен жетістіктері туралы әңгімелеп, оқу орнының халықаралық ынтымақтастық бағытына тоқталып, шетелдік әріптестермен байланыс артып келе жатқанын атап өткен.

Бүгінде ҚазҰУ-да академиялық ұтқырлық бағдарламасы белсенді жүзеге асырылып келеді. Жалпы алғанда шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы 624 меморандум жасалды. Оның ішінде ТМД және Азия елдерімен ең көп келісімдерге қол қойылды. Ректор ынтымақтастыққа қызығушылық білдіре отырып, кибер университеттер – онлайн-оқытуды жүзеге асыратын инновациялық жоғары оқу орындары екенін және бұл перспективалық бағытты дамыту қажет екенін жеткізді.

Сеул кибер университетінің ректоры Ли Ен Чжо қонақтарды 2000 жылы құрылған университет тарихымен таныстырды. ЖОО-да 17 факультет бар, оның ішінде ең танымал бағыттар: машина жасау, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу, бизнес және кәсіпкерлік, шет тілдері және де басқалар. Университетте дәріс оқитын 250 оқытушыдан басқа, 200-ге жуық жетекші сарапшылар әртүрлі салада дәріс өткізеді.

Білім ордасында студенттердің ерекше таланттары мен шығармашылық ойлауын дамытуға және олардың жүзеге асырылуына қолдау көрсетіледі. Университет аумағында Абай Құнанбаевқа ескерткіш орнатылғаны, оның ашылуы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына жасаған мемлекеттік сапарына орайластырылғаны екі елдің қаншалықты тығыз байланыста екенін көрсетеді.



 

Асқар Таудай
Бөлісу: