«Қазсушар» суару маусымына дайындалып жатыр

22 Сәуір, 23:01 787

Су тасқыны кезінде «Қазсушар» мекемесінің Солтүстік Қазақстан филиалының мамандары Сергеев су торабының жағалауын нығайту жұмысын жүргізді. 82 тоннадан астам кесек тас, 15 темірбетон плита, 25 темірбетон блоктары және басқа материалдар төселді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Казталов ауданында көктемгі тасқын суын апатсыз өткізу үшін «Қазсушардың» Батыс Қазақстан филиалы Үлкен Өзен өзеніндегі уақытша жер бөгеттерін ашты. Нәтижесінде су лимандар мен табиғи шабындықтарға жіберіліп, елдімекендерді су басу қауіпі азайды. Сонымен қатар, су тасқынының екінші толқыны кезінде Орал-Көшім суару-суландыру жүйесінің 4 су қоймасына су жиналып жатыр. Қазір оларда 200 миллион текше метрден астам су жиналды, бұл жалпы көлемнің 84% құрайды. «Қазсушар» мамандары Ресей Федерациясының Орынбор және Саратов облыстарының су қызметтерімен үнемі ақпарат алмасады.

Абай облысының Үржар ауданында Қаракөл су қоймасының құрылыстары тазартылды, Көкпекті ауданында Үлкен Бөкен өзеніндегі су торабы тазартылды.

Шығыс Қазақстан филиалы Күршім ауданындағы «Жауғашты» магистральдық каналының бас құрылысын тазартты. Марқакөл ауданының Орта-Теректі су қоймасында инертті материалдар дайындалды.

«Қазсушар» мекемесінің Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы филиалы Қаратұрық суару алабының шаруашылық желісін механикалық әдіспен тазартты. Сондай-ақ, «Объединительный» магистральдық каналының түбін бетондау жұмысы жүріп жатыр.

Үлкен Алматы каналының авариялық учаскелерін реконструкциялау жүргізілуде. Суару маусымына толық дайындықты қамтамасыз ету үшін жұмыс екі ауысымда атқарылып жатыр. Бұдан басқа, Алматы облысының Іле және Жамбыл аудандарының шаруаларын сумен қамтамасыз ететін сол жағалаудағы магистральдық каналды бетондау және механикалық тазарту жұмысы жүргізілуде.

Еріген қар және жаңбыр суын кедергісіз өткізу үшін Алматы облысы бойынша филиал Құртты және Шелек өзендерінің арналарын тазартады.

«Қазсушар» мекемесінің Ақмола филиалының мамандары «Алва» лиманды суару жүйесінің бөгетіне инертті материалдар төседі. Осылайша, бөгеттің бұзылу қаупі азайды.

Суару кезеңіне дайындық үшін Жамбыл облысы бойынша «Қазсушар» филиалы жалпы ұзындығы 48 шақырым болатын 6 каналда механикалық тазалау және жөндеу жұмыстарын жүргізді.

Қордай ауданында Георгиевский магистральдық каналы тазартылды. Меркі ауданында 11 су бекеті жөнделіп жатыр, одан кейін тағы 20 су бекеті жөнделеді. Сондай-ақ, R-3 арнасын суару маусымына дайындау жұмысы жүріп жатыр.

«Қазсушардың» Қызылорда филиалы жалпы ұзындығы 51,4 шақырым 11 арнаны механикалық әдіспен тазалап, сондай-ақ 19 гидротехникалық құрылысты және 23 гидропостты жөндеуден өткізді. Қазіргі уақытта 32,7 шақырым канал тазартылып, 9 гидротехникалық құрылым жөнделді. 20 гидропосттағы көпірлер қайта жаңартылуда.

Жетісу облысы бойынша «Қазсушар» филиалы биыл 173,1 шақырым каналды тазартуды, 54 гидротехникалық құрылысты және 10 гидропостты жөндеуден өткізуді жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда 40 шақырым канал тазартылды, 1 гидротехникалық құрылыс салынды, 4–і жөнделді. 1060 шаруа қожалығымен су беру туралы шарттарға қол қойылды. Фермерлер 20 мың гектарға жуық алқапты суару үшін 174 миллион текше метр су алады.

Суару кезеңіне дайындық үшін «Қазсушар» мекемесінің Түркістан облысы бойынша филиалы 33 каналды механикалық әдіспен тазалау жұмысын жүргізді. Су қоймаларының тасқын суын қабылдауға дайындығын бағалау үшін олардың техникалық жағдайына тексеріс жүргізілді. Сондай-ақ, техника да тексеріліп, қажетті инертті материалдар дайындалды.

«Қазсушардың» Қарағанды филиалы Жартас су қоймасындағы Жартас және Малокомспай магистральдық каналдары учаскелерінің бетон беткейлері мен түбіне жөндеу жұмысын жүргізеді. Арналарды лай мен өсімдіктерден тазарту да басталды. 5 гидротехникалық құрылыста жергілікті дабыл жүйелері орнатылуда.

Ақтөбе облысы бойынша филиал үш ірі су қоймасы мен бірнеше лимандардың жұмысын бақылайды. Нысандар штаттық кестеге сай жұмыс істеп тұр, мәселе байқалмайды.

Су ресурстары және ирригация министрінің тапсырмасы бойынша Атырау облысындағы Бағырлай каналын тазарту жұмысын жеделдету үшін қосымша 2 экскаватор іске қосылды.

Жайық өзені арқылы Атырау облысына келетін суды Соколок, Черная речка, Бақсай және Нарын каналдары қабылдайды.

Соколок арнасының өткізу қабілетін арттыру үшін арнаның жағасы күшейтіледі. Сонымен қатар, нысанның бойында ұзындығы 14,5 шақырым қосымша арна қазылып, қолданыстағы гидротехникалық құрылыстар алынып жатыр.

Зарина Арман
Бөлісу: