Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық компания қызметінің нәтижесі жөнінде мәлімет берілді. Биылғы 8 айда мұнай және газ конденсатын өндіру, мұнай тасымалдау және қайта өңдеу көрсеткіштері бойынша өсім бар екені атап өтілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнайдың отандық бренді KEBCO (Kazakhstan Export Blend Crude Oil) өндірісін бастады. Қазіргі таңда KEBCO мұнайының экспорт көлемі тұрақты түрде артып келеді. Бұл ретте KEBCO мұнайының бағасы биылғы тамыз айында Brent мұнай маркасының бағасынан асып түсті.
Сондай-ақ Президентке мұнай өңдеу зауыттарынан жанар-жағармай жөнелту қарқыны, соның ішінде күзгі жиын-терін маусымында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қажеттілігін қамтамасыз ету ісі жөнінде баяндалды. Атап айтқанда, «ҚазМұнайГаз» компаниясы егін жинау науқанына 426 мың тонна дизель отынын бөлген.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына компанияның танкер флотын кеңейту, соның ішінде Каспий теңізі мен басқа да ашық теңіз акваторияларында энергетикалық ресурстарды тасымалдауға арналған ірі тоннажды танкерлер санын көбейту жұмыстары туралы мәлімет берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық компанияның өңірлерде жүзеге асырып жатқан әлеуметтік жобалары жөнінде есеп берілді. Атап айтқанда, Президентке Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласын ауызсумен қамтамасыз ету үшін жаңа су тұшыту зауытының құрылысы басталғаны және Астрахан – Маңғышлақ магистральды су құбырын реконструкциялау жұмыстарының барысы жөнінде баяндалды.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, көмірсутегі экспортын арттыру және геологиялық барлау жұмыстарының ауқымын кеңейту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді. Сондай-ақ Президент мұнай мен газды терең өңдеу саласына баса мән беру маңызды екенін атап өтті.