Қазіргі қазақ киносы тек бір күндік табысты көздей ме?

Бүгiн, 15:43 757

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында отандық фильмдер мен мультфильмдердің сапасын жақсарту керектігін айтты. Қазіргі қазақ киносында анайылық, маркетинг жұмыстары мен актерлардың қайталануы сияқты мәселелер жиі сынға ұшырап жүр. Осы ретте  El.kz тілшісі кинотанушы және медиасыншы мамандардың пікірін білді.

Қазақ кино индустриясының қазіргі жағдайы

Медиасыншы, журналист Риза Тұрдақынқызының айтуынша, қазақ кино индустриясы соңғы 4-5 жылда, онда да таза қазақ тіліндегі немесе негізінен қазақ тіліндегі коммерциялық фильмдердің көптеп түсірілуімен бірге жаңа даму кезеңіне шықты.

Айта кететіні, соңғы уақытта сценаристер де, режиссерлер де таза қазақы ортада өскен буынның өкілдері. Бұл жақсы үрдіс. Әлеуметтік желі дамыған заманда маркетинг шаралары тек әлеужелілер арқылы ғана жүзеге асып жатыр, бұл қалыпты құбылыс. Әсіресе қазір Tik-Tok-та танымал болған фильмдер өтімді. Сондықтан түсірілім тобы негізінен әлеуметтік желілерге күш салып жатыр. Десе де, соңғы кезде жабық көрсетілімге атақты тұлғаларды немесе инфлюенсерлерді фильмді жарнамалауға тарту әдісі де жақсы нәтиже беруде. Елімізде нарық тар екенін ескерсек, бұл әдісті жі қолдану көрерменді жалықтырып жіберуі мүмкін, – дейді Риза Тұрдақынқызы.

Медиасыншының сөзінше, халықаралық фестивальдерге қатысу – керемет әдіс, оны киногерлер жиі қолданады.

Мысалы, мен жақында ғана жүлдемен оралған «Әбіл» фильмін көруге өте құштармын. Тағы бір елеусіз қалып жатқан әдіс – мерчандайзин. Яғни, фильмге қатысты өнімдерді, мысалы, футболкалар мен аксессуарларды сату арқылы қосымша қызығушылық тудыруға болады. Бірақ, өкінішке орай, бюджет тапшылығы немесе басқа себептерге байланысты, қазақ киногерлері әлі күнге дейін мұндай әдіске жүгінген жоқ. Дегенмен, болашақта бірнеше циклді фильмдер шығып, «Өрмекші адам» сияқты танымал болар болса, мұндай маркетинг әдістері қолданылуы мүмкін деп ойлаймын, – дейді ол.

Қазақ тілді фильмдердің прокаты

Сарапшы Қазақстанда киноиндустрияны дамыту үшін қазір Ұлттық киноны қолдау орталығы арқылы қаржы тартылып жатқанын айтты. Алайда сол фильмдердің көпшілігі коммерциялық фильмдерге қарағанда маркетингтік қолдаусыз қалуда.

Прокатта да олар өте аз уақыт жүреді, тіпті халық оның шыққанын байқамай қалуы мүмкін. Сондықтан мемлекет тапсырысымен түсірілген фильмдердің жарнамасын немесе прокатта ұзақ уақыт жүруін қолдау қажет деп ойлаймын. Мемлекет осы мәселеге көбірек көңіл бөлсе дейміз. Мысалы, Сәбит Құрманбек түсірген «Боран» фильмі немесе Рүстем Әбдіраш түсірген «Fake-овый арман» фильмдерінің прокатқа шыққанын ешкім байқамай қалғаны анық. Ал бұл фильмдер мемлекеттік тапсырыспен түсірілген болатын, яғни олардың насихаты жеткіліксіз болды, – Риза Тұрдақынқызы.

Медиасыншы кинотеатрларда қазақ тілді фильмдердің прокаты бұрынғыдай шектеулі емес, бұл коммерциялық сала екенін жеткізді. Яғни, кинотеатрлар өзіне ақша әкеліп тұрған, өтімді фильмдерді прокаттан алып тастай алмайды. Сол себепті фильм түсірген топ оның сапасымен қоса, жарнамасына баса мән беруі керек деп есептейді.

Комедияның қазақ киносының нарығында басым болуы

Фильмнің прокатта ұзақ қалуына ықпал ететін оның жарнамасы екенін түсінуі керек. Қазір қазақ тіліндегі комерциялық фильмдер прокатта өте жақсы ақша тауып жатыр. Мысалы, Дариға Бадықова түсірген «Таптым-ау сені» фильмі 2023 жылдың ең көп касса жинаған фильмі болды ғой. Оның екінші бөлімі де шықты. Комедия тез сатылады, тез өтеді. Тіпті, кинопрокатпен айналысатын компаниялардың өзі де көбіне комедияны алуға бейім, өйткені табыс әкеледі. Десе де, кейінгі кезде хорор жанрындағы фильмдер мәселен «Дәстүр» прокатта жақсы табыс тапты.
Басқа жанрлар (драма, триллер, фантастика) неге дамымай жатыр деген сауалға келсек, мүмкін әлі уақыты келмеген шығар. Мүмкін, тәжірибе аз шығар. Алайда мүлде жоқ деп те айта алмаймыз. Айсұлтан Жақыповтың «Қаш» фильмі соның айғағы, – дейді медиасыншы.

Риза Тұрдақынқызы жақсы сценарий – жақсы көркем шығарманың негізінде туындайтынын, «Көксерек», «Гауһартасты» айтпағанда, Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шағы» соның дәлелі екенін айтты.

Тіпті мықты комедияларды тудыруға болатын қазақ әдебиетіндегі мықты шығармалар сценаристердің назарынан тыс қалып жатқанына күмәні жоқ. Бұрын режиссерлер негізінен әдеби ортамен біте қайнасып, кейіпкерді де сюжетті әдебиеттен іздейтін еді. Ал кейінгі комедия жанрына ден қойған коммерциялық кино тудырушылар айналасынан сюжет іздеп кеткендей көрінеді. Сол себепті сценаристер көбірек ізденсе, әдеби шығармаларға көбірек ден қойса, қазақы мінезді, ұлттық болмысты осындай мінез тұнған әдеби шығармалардан тапса екен деймін. Қазақ әдебиеті жұтаң емес қой. Жақсы жазушылар көп. Сонда заманға сай ұлттық сценаристер мектебі қалыптасар еді, – дейді медиасыншы Риза Тұрдақынқызы.

Тәжірибелі кинотанушы әрі киносыншы маман Дана Әмірбекованың сөзінше, бұған дейін де бұл мәселені көтеріп жүргенін айтты. Көбісі маманның сөзімен келісе бермейді, бірақ ол сыншы ретінде осы салада көп жылдар бойы қызмет етіп келеді.

Мысалы, мен он бес жылдан астам уақыт жүрмін. Қарап отырсам, сұраныс болмай, ұсыныс болмайды ешқашан. Егер біздің қоғамда надандықты, көргенсіздікті, білімсіздікті насихаттайтын туындылар көбейіп кетсе, оларды туындылар деп айтуға болмайды. Бұл – өнімдер. Егер белден төмен, тіпті тізесі шыққан қалжыңдардан тұратын фильмдер сұранысқа ие болса, демек, бүгінгі көрерменнің сұрап отырғаны – осы. Өкінішті, бірақ бұл ашы шындық. Бүгінгі қоғамның, бүгінгі көрерменнің деңгейі осы. Оларға осыдан артық, тереңірек, сапалырақ дүние қажет емес болып тұр, – дейді киносыншы.

Кинотанушы өкінішке қарай соңғы 30 жылда экономика, содан кейін басқа мәселелер деген ұранымен өмір сүрдік деп отыр. Осы соңғы отыз жылда материалдық құндылықтар рухани құндылықтарды басып кеткенін айтады.

Кітап оқу, ғалым болу, философ болу немесе ғарышкер болу сияқты ұғымдар жоғалып кетті. Қазір екі жасар балаға кім болғың келеді деп сұрасаңыз, бұрын «Мен ғалым болғым келеді» деп айтатын болса, бүгінгі балалар «Мен бай болғым келеді» дейді. Ал қазір бәрі блогер болғысы келеді. Блогер деген кім? Ол ешқандай қиналмай, жанын қинамай ақша табатын адам. Демек бүгінгі қоғам да осындай. Ешкім білім қуып, ізденгісі келмейді. Өнерге, мәдениетке қызығушылық жоқ. Рухани тұрғыда дамығысы да, өскісі де келмейді. Оларға тек ақша керек, сол материалдық құндылықтар болса, шалқып өмір сүрсе болды. Бұл – бүгінгі заманның шындығы. Әр заманның, әр қоғамның өзіне сай өнері болады, – дейді Дана Әмірбекова.

Сарапшы әр заманның, әр қоғамның өзіне сай өнері болатынын және бүгінде экранда болып жатқан нәрселерді өнер деп айтуға болмайтынын айтады.

Бірақ осындай дүниелер бүгінгі қоғамның деңгейіне сай болып тұр. Сондықтан да адамдар мұндай фильмдерге барады, миллиардтап касса жинайды. Өкінішке қарай, бүгінгі кинодағы алыпсатарлар өздерін продюсер деп атап алады. Олар да осыны ұсынады. Неге? Өйткені киноға келген алыпсатарлардың түпкі мақсаты – өнімін өткізу. Өздері түсірген фильмдерді көрмеуі оны түсінбеуі немесе оларға ондай фильмдер қызық емес болуы мүмкін. Бірақ олардың түпкі мақсаты – бұл өнімді сату. Ал өнімді сату үшін, олар өтетін тауарды ұсынады. Егер сапалы, бірақ қымбат нәрсе тұрса көпшілік өкінішке қарай, сапасыз, арзан нәрсеге құмар болады, – дейді киносыншы.

Дана Әмірбекова сол сияқты кинода да аса бас қатырмайтын, ойландырмайтын, білімділікті талап етпейтін фильмдер түсінікті болып тұр. Көрермендер осындай фильмдерді көруге баратынын айтады.

Драма, триллер, фантастика жанры дамуының баяу болу себептері

Бір-екі күн бұрын Бүркіттің сұхбатын көріп қалдым, сол жерде ол да киноға байланысты бірталай пікір айтты. Сіздің алғашқы фильміңіз триллер жанрында болды. Неге ары қарай оны жалғастырмадыңыз? Неге көпшілік сияқты комедия түсіруге кетіп қалдыңыз деп сұрады. Сонда ол продюсер ретінде басында комедияның көп болғанын көріп, неге басқа жанрда өзімді сынап көрмеске деп ойладым да, триллер түсірдім. Бірақ өкінішке қарай, біздің қоғам басқа жанрды қабылдамайды екен. Комедиядан басқа, осындай төмен деңгейлі нәрселерді көретін көрермен көп. Сондықтан мен өзім минусқа кетіп қалған соң, комедия жанрында фильмдер түсіріп бастадым деп жауап берді, – дейді ол.

Киносыншы бұл да сөзінің тікелей дәлелі екенін айтады. Демек, халыққа дәл осындай комедиялар қажет. Сапалы, өрелі дүниелер ұсынсаңыз да, оны қарайтын көрермен жоқ. Бірінші кезекте жақсы кинодан бұрын, оны көретін көрермен керек. Ал бізде ондай көрермен жоқ. Талғам әлі қалыптаспаған деп отыр.

Талғам бір күнде қалыптаспайды. Мысалы, киноның тілін, табиғатын, ерекшелігін түсіну үшін адам алдымен мыңдаған классикалық туындыны көруі керек. Білімді, терең ойлай білу үшін сыни ойлау қабілеті дамыған адам мыңдаған кітап, философиялық трактаттардың бәрін оқу керек. Бірақ бүгінгі таңдағы көрермен қандай екенін көріп отырмыз. Философтарды айтпағанда, ең болмаса Толстойдың «Анна Каренинасын» кім оқиды? Қазір Достоевскийдің «Қылмыс және жаза» шығармасын біреу оқиды ма? Әрине, бәріне топырақ шашпаймыз, бірақ басым көпшілік қазір тиктокта, инстаграмда отыруды қалайды. Оларға одан да мәндірек, мағыналырақ нәрсе қызық емес. Уақыттарын ол нәрсеге жоғалтқысы келмейді. Қазір бес секундтық рилстарды көріп отырған тұтынушылар пайда болған кезде, бір жарым сағаттық фильмді қабылдау көбісі үшін өте ауыр дүние, – дейді кинотанушы.

Айтуынша, бізде авторлар жоқ емес. Мәселен Дәрежан Өмірбаев, Серік Апрымов, Әділхан Ержанов бар. Бұларды тек Қазақстан ғана емес, әлем мойындаған деп отыр. Осылардың Солардың фильмдері қашан шығады екен деп Батыс көрермендері күтеді.

Бірақ өкінішке қарай, олар өзіміздің елімізде сұранысқа ие емес. Өйткені бізде ондай деңгей жоқ. Біздің деңгейіміз оны түсінуге жетпейді. Мысалы, Дәрежан Өмірбаевтың соңғы үш жыл бұрын түсірілген «Ақын» фильмі шыққанда бір аптаға дейін ғана прокатта жүрді. Әр сеанста бір адамнан, екі адамнан отырды. Бұл деген масқара ғой. Ал дәл сол фильм Парижде көрсетілгенде, Аватардың екінші бөлімімен қатар шығып жатты. Ал Еуропаның көрермендері Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын» фильмін таңдады. Аватарға емес, «Ақынға» көбірек билет сатылды және ол Францияның ең атақты басылымы «Ле Монд»-та үлкен мақала болып жарияланды. Міне, мұның бәрі деңгейге, талғамға байланысты. Біздің көрерменнің талғамы өте төмен, – дейді Дана Әмірбекова.

Қазақ киносындағы анайылық мәселесі

Қазіргі қазақ киносында анайылық мәселесі көп талқыланады. Бұл көбіне фильмдердің сценарийлерінде немесе кейбір диалогтарда орын алады. Анайылық деп тек ар-намысты қорлайтын немесе мәдениетсіз сөздерді ғана түсінбейміз, сонымен қатар қоғамдағы этикалық нормаларды бұзатын әрекеттерді де ескеру керек.

Кейбір фильмдерде жағымсыз, агрессивті мінездер мен ұятсыз элементтер көп кездеседі, бұл жастар арасында теріс әсер қалдыруы мүмкін. Десе де, әр режиссер мен сценарист белгілі бір мақсатпен немесе шынайылықты көрсету үшін осындай әдістерді қолдануы мүмкін. Бұл жөнінде киносыншы өз пікірін білдірді.

Жалпы кез келген кинотуынды – бұл кез келген кино емес. Әдебиетте де, кез келген жанрды жасаушы бар, ол кім? Ол – автор. Ал автор – ол сценарист. Киноға келетін болсақ, бізде өкінішке қарай, білікті, кәсіби сценаристер тапшы. Жүргенов өнер академиясында кино, теледраматургия деген мамандық бар. Бірақ осы мамандыққа келген студенттердің басым көпшілігі театрға бет бұрып, пьеса жазумен айналысып кетеді немесе әдебиетке келіп, прозамен жұмыс істей бастайды. Соңғы кездері киноға келуге ниеті барларды байқамай жүрмін. Әйтпесе олар жылдар бойы білім алған, базасы бар, кәдімгі мектептен өткен, нағыз кәсіби мамандар. Егер осы мамандар кино саласына келіп, қазақ киносын дамытуға ниет білдірсе, бұл өте жақсы үдеріс болар еді деп есептеймін, – дейді киносыншы.

Ал бүгінгі сценаристер кімдер? Олар көбінесе КВН-нен келгендер, әзіл-ысқақтан келгендер, бұрынғы әншілер, бишілер, күйшілер, яғни шоу-бизнестің өкілдері. Қазір өздеріне сценарий жазып, оны түсіріп, режиссер және продюсер ретінде ұсынады.

Олар тойда тамада болғандар, шоу-бизнесте өлең айтып жүргендер. Қысқасы бұл адамдардан қандай сценарий күтуге болады? Ешкім өзінің деңгейінен асқан нәрсені ұсына алмайды. Негізінде, жанрлық түрленуді айтамыз. Жанрлық түрлену болу үшін біліктілік, білім керек. Ал той-томалақтың ортасында жүрген бұрынғы тамадалар, әрине, тек қана комедия жанрын жақсылап игеріп алған. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда олар басқа жанрды игере алмай жатыр. Сондықтан да біздің ең үлкен мәселеміз – кәсіби киносценаристерді дайындау. Егер бүгінгі күні осы фильмдерді шығарып жатқан продюсерлер бірігіп, бірге жұмыс істей алса, жақсы идеяларды драматургтың шеберлігі арқылы жүзеге асыра білсе, сол кезде жанрлық түрлену пайда болады, – дейді ол.

Дана Әмірбекова Қазақстанда киноиндустрияны дамыту үшін мемлекеттен қандай қолдау керек деген сұрақ, бәлкім, парадокс болуы мүмкін деп санайды. Бірақ шын мәнінде, мемлекет кино саласын қолдау үшін барын салып, жыл сайын миллиардтап қаржы бөліп жатқанын тілге тиек етті.

Мысалы, бес-алты жыл бұрын ұлттық киноны қолдау орталығы ашылды. Сол орталықта жыл сайын питчинг, яғни сценарийлер конкурсы өтеді. Ол жерге үздік авторлар барып, өздерінің идеяларымен, сценарийлерімен қатысады. Ал комиссияның шешімімен ең үздік сценарийлерге қаржылай қолдау көрсетіледі. Әрине осыдан түсірілген фильмдер арасында сәттілер де, сәтсіздер де бар. Бір қызығы, мемлекет тек фильмдердің түсіріліміне ғана ақша бөледі. Заң бойынша, тек түсірілімді қаржыландыру қарастырылған. Яғни, фильмді түсіріп, оны аяқтағаннан кейін оның жарнамасына, дистрибьюциясына, кинотеатрларда көрсетілуіне бірде-бір тиын қарастырылмаған, – дейді.

Маркетинг қолдауының жеткіліксіздігі

Кейбір режиссерлер мен продюсерлер осы маркетинг жұмыстарына көбірек назар аударған сайын, шығармашылық жағынан әлсіз, коммерциялық тұрғыдан ғана табысты жобалар көбейіп кетті деген пікірлер бар. Бұл тұрғыда, әсіресе, кейбір фильмдерде сапа мен тереңдіктің жетіспеушілігі байқалады.

Осы ретте киносыншы қазіргі таңда жарнама мен маркетингсіз ештеңе дамымайтынын айтады.

Мысал ретінде Голливудты алайық. Олар фильм түсіргенде, сол фильмнің жарнамасына да қыруар қаражат бөледі. Мәселен бір фильмді жүз миллионға түсірсе, оның жарнамасына да дәл сол мөлшерде қаржы бөледі. Ал бүгінгі таңда неге блогерлердің фильмдері өтімдірек болып тұр? Өйткені олардың аудиториясы дайын. Мысалы, Баян Алагөзова, Дариға Бадықова сияқты адамдардың фильмдері көпшілікке тез жетіп, жақсы көрініс табады. Олардың аудиториясы алдын ала дайын тұрғандықтан, фильмдері халық арасында жақсы өтеді, – деді.

Сондай-ақ киносыншы Қазақстанда қазақ фильмдерінің прокаты ешқандай да шектеулі емес екенін, бүгінгі таңда бірқатар фильмдер прокатқа бірі шығып, бірі шықпайтынны айтады. Өйткені  барлық нәрсе, бұл тікелей қаржыға байланысты деп отыр.

Бізде өкінішке қарай, мемлекетке тиесілі бірде-бір кинотеатр жоқ. Бүкіл кинотеатрлар – жекеменшік, яғни олар бизнесмендердің қолында. Сіз оларға заң жүзінде барып, «мына фильмді көрсет» деп міндеттей алмайсыз. Сондықтан олар қай фильмді көрсеткісі келсе, соны жарыққа шығарып, көбірек ақша төлейді. Бұл жағдайға байланысты мен жоғарыда айтқанымдай, прокатқа және дистрибьюцияға қаржы бөлінуі керек. Неге? Өйткені осы қаржы кинотеатрларға төлеу үшін, оның жарнамасына қажет. Сол кезде ғана мемлекет қолдауымен түсірілген фильмдер өз көрерменіне жолдама ала алады. Ал қазіргі жағдайда, өкінішке қарай, тек шоу-бизнес өкілдерінің фильмдері ғана көп көрсетіледі, – деді.

Маман бұл фильмдердің көбісі надандықты, көргенсіздікті насихаттайтынын жеткізді. Өйткені блогерлерде ақша бар, олар кинотеатрларға төлей алады, ал жарнамалары да дайын тұрады деп отыр. Сол себепті заң жүзінде кинотеатрларды міндеттеу керек деп есептейді.

Актерлердің қайталануы

Қазақ киносының актерлері арасында қайталанушылық та жиі байқалады. Бұл көбінесе танымал актерлардың фильмдерде үнемі басты рөлдерді сомдауы нәтижесінде пайда болады. Бірақ екінші жағынан, жаңа таланттардың сахнаға шығуы мен даму мүмкіндігін шектейді. Актерлық құрамда әртүрлілік болмаған жағдайда фильмдер бірсарынды болып, көрермендерге қызықсыз болуы мүмкін.

Бұл сұрақ мені де мазалайды. Неге актерлердің бәрі бірдей қайталанып, тек бір топ қана көрінеді деген сұраққа келсек, шынында да соңғы жылдары көбінесе бір топтың актерлері әртүрлі фильмдерде ойнап жүр. Әрине, олардың ойнау ерекшеліктері де көп өзгеріссіз қалады. Егер осындай фильмдерді көріп отырсаңыз, көбіне ұзын-сонар телехикая көріп отырғандай әсер қалдырады. Сюжеттер мен геолокациялар ғана ауысады, бірақ актерлер сол баяғы бір топ, бірдей стильде. Оған себеп, меніңше, ең алдымен авторлардың жалқаулығы. Олар жаңа есімдерді іздемейді, жаңа бейнелерді ашқысы келмейді. Бұл жұмыс уақытты талап етеді, жаңа бір бейнені жасап шығару керек, оны көрермен қабылдай ма, жоқ па – бұл да белгісіз. Ал нарықтық заманда ешкім де тәуекелге барғысы келмейді, – деді.

Бұдан өзге кинотанушы Қазақстанда қазіргі уақытта комедия жанрының басым болу себебі халықтың сұранысына байланысты екенін, кино тек сөз өнері емес, ол – визуалды өнер, көзбен көретін өнер. Сондықтан киноны тек актерлік ойын мен диалогтармен ғана шектемей, кескіндеме сияқты жан-жақты көркем туынды ретінде түсіну қажет деп санайды.

Жалпы комедияның көбеюі – бұл қоғамға қойылған диагноз сияқты. Көбінесе комедияны қай кезде көреміз? Көңіл-күйіміз төмен болғанда, бір сәтке болсын өмірдің күйбеңінен, қиыншылықтарынан қашып, басқа әлемде болуға тырысамыз. Бұл психологиялық тұрғыдан түсінікті, өйткені бір жарым сағатқа болсын барлық уайым мен мәселелерді ұмытуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда сапалы, білікті және білімді сценаристер қажет. Мықты сценаристер пайда болғанда ғана жаңа әрі қызықты идеялармен түрлі жанрларда сапалы фильмдер шығарылады деп ойлаймын, – дейді Дана Әмірбекова.

Қазіргі қазақ киносының болашағы

Сарапшы қазіргі уақытта қазақ киносы қарқынды дамып келе жатқан сияқты деп отыр. Осыдан 10-15 жыл бұрын экранға жылына 5-6 фильм шығатын болса, сол кезде бұл үлкен жетістік деп саналған. Ал 2000-шы жылдары тек жылына бір рет шықса, 2007 жылдан кейін фильмдер саны көбейе бастаған. Қазір бұл сан тоқсанға жуықтайды, яғни бұл үлкен серпіліс деуге болады.

Алайда сапа тұрғысынан қарасақ, өкінішке қарай жыл сайынғы 90 фильмнің басым көпшілігі мағынасыз, мәні жоқ, тек бір рет көріп шығатын өнімдер болып жатыр. Көптеген фильмдердің көркемдік деңгейі жоқ, сценарийі әлсіз, актерлік ойындары да сапасыз. Осылайша, сан жағынан үлкен жетістіктерге жеткенімізбен, сапа жағынан әлі де артта қалып жатқанымызды мойындауымыз керек. Қазақ киносы бүгінгі таңда үш бағытта дамып жатыр. Біріншісі – коммерциялық бағыт, екіншісі – мемлекеттің қолдауымен түсірілетін идеологиялық фильмдер, үшіншісі – авторлық фильмдер, – дейді маман.

Киносыншының сөзінше, авторлық кино бүкіл әлемде мойындалады. Авторлық кино — бұл нағыз өнер киносы, оның ішінде киноның тілі, табиғаты, көркемдік ерекшелігі, автордың айтар ойы мен философиялық көзқарастары маңызды.

Мұндай фильмдер халықаралық фестивальдерге қатысып, жоғары баға алады. Мысалы, біздің авторлық фильмдеріміз әлемдегі А-классты фестивальдерге қатысып жүр. Әрине, әрқайсысы жүлде алмаса да, қатысу – бұл үлкен жетістік. Дәрежан Өмірбаев пен Әділхан Ержанов сынды режиссерлеріміздің фильмдерін әлем көреді. Әділхан Ержановтың фильмдеріне де халықаралық деңгейде қызығушылық артып келеді. Сонымен қатар, Азия елдерінде де біздің авторлар жоғары бағаланады. Бұл біздің авторлық киноның халықаралық деңгейде танылып жатқанын көрсетеді, – дейді кинотанушы әрі киносыншы маман Дана Әмірбекова.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: