Қазір театрлардың бәрі бетімен кеткен - Тұңғышбай Жаманқұлов

Бүгiн, 11:51 382

Театр өнерінің қазіргі жағдайы жөніндегі комитеттің тақырыптық отырысында актер, режиссер Тұңғышбай Әл-Тарази театрдағы түйткілдерді тек заң аясында шешу қажеттігін мәлімдеді,деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Театрдың мәселелері заңға келіп тіреледі. Заң болмаса, бәрі бос әңгіме. Өз басым министрдің отырыстарында заңға түбегейлі болмаса да, әжептәуір өзгерістерді айтып едім. Құрамында 3 мыңға жуық мүшесі бар Қазақстан театрлары қайраткерлері одағының атынан айтқан сөзіміз ешқандай мәнге ие болмады. Себебі біз қазір қоғамдық ұйымбыз. Қолымызда билік жоқ. Біздің одақты итті жақсы көретін одақтардың деңгейіне заң бойынша тіркетіп қойған, – деді ол.

Тұңғышбай Әл-Тарази театрларда басшылық құрылымының дұрыс қалыптаспағанын сынға алды. Оның пікірінше, қазіргі таңда көркемдік жетекшінің рөлі әлсіреген, ал негізгі билік директордың қолында.

Ұжымды бір ғана директор басқарады. Ал көркемдік жетекші деген лауазым орысша айтқанда, 'свадебный генерал' сияқты, ештеңе шешпейді. Шығармашылық ұжымды көркемдік жетекші басқаруы керек. Труппаны жасақтап, спектакльдерді қарап, репертуар саясатын ойлайтын да сол адам. Ал бізде қазір көркемдік жетекші жай әншейін әңгіме болып қалды, оның еш сөзі өтпейді, – дейді актер.

Оның айтуынша, бұл мәселе әсіресе өңірлік театрларда өзекті.

Қазір театрлардың бәрі бетімен кеткен. Барлық театрларда көркемдік жетекшінің кім екенін адам танымайды. Кім екенін білмейді. Облыс театрларында кім көрінген жетекші болып жүр. Оның қандай құзіреті барын ешкім білмейді. Осыған назар аударып, заңмен байланыстыру керек, – деп атап өтті.

Өнер адамдарының табысы мәселесіне тоқталған Тұңғышбай Әл-Тарази театр әртістерінің бір айлық жалақымен күн көре алмайтынын айтты.Сонымен қатар, спектакльдерге бөлінетін қаржының аздығы өнер сапасына кері әсерін тигізіп отырғанын мәлімдеді.

Спектакльдерге облыстарда бөлінетін 4 млн теңге деген күлкілі, жаның ашиды. Жылағың келетін қаражат қой бұл. Бұл не деген немкеттілік? Облыс театрлары тоқалдан туған ба? Неге олар үлкен спектакльдерді қоя алмайды? Өнер деген арзан болмауы керек. Одан ақшаны аямау керек, – деп қынжылысын білдірді.

Актер сондай-ақ өңірлік театрларға бөлінетін қаражаттың әділетсіздігіне де назар аударды.

Қазір облыстарда 2-3 млн теңгеге спектакльдер қойылып жатыр. Бұл – үлкен мәселе. Әкімдер театрларға жіті назар аудармай отыр. Мұны реттеу керек, – деп түйіндеді.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: