Астанада жыл сайынғы «Qazdatathon» республикалық байқауының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазылар алқасы байқау қорытындысы бойынша үш жеңімпазды анықтады.
Бірінші жүлделі орынды KPMG талдаушыларынан тұратын Жасұлан Жулбарисов пен Ғалым Аманжолов командасы иеленді. Олар үй шаруашылықтарының қаржылық тұрақтылығының барометрі туралы жобаны ұсынды. Жеңімпаздар 500 мың теңге көлемінде ақшалай сертификат алды.
300 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақымен екінші орынды Қазақстан-Британ университетінің командасы иеленді. Олар қанағаттану факторлары туралы жобаны ұсынды.
Үшінші орынды Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің командасы иеленді.
Олар судың қолжетімділігі мен оның Қазақстан экономикасына әсері мәселелері жөніндегі жобасымен 200 мың теңге жүлдесін ұтып алды.
Qazdatathon-ға әр түрлі командалар қатысты, олардың әрқайсысы қазылар алқасының мүшелеріне ойландыратын шешімдер мен идеяларды ұсынды. Біз байқау барысындағы шығармашылық пен тәжірибе деңгейін жоғары бағаладық. Қатысушылар деректер ғылымы мен оның нақты қолданбалары туралы тамаша түсініктерін көрсетті, бұл байқаудың мақсаты – инновацияларға жәрдемдесу екенін растайды. Мұндай іс-шаралар дарындыларды іріктеу платформасы ғана емес, сонымен қатар деректерді өңдеу және талдау жөніндегі мамандар қауымдастығына білім алмасу мен ынтымақтастықтың туындауына ықпал етеді деп санаймын, – деді ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.
Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне серіктестер атынан алғыс хаттар да берілді. «Кез келген әлеуметтік маңызды шешімдер әлеуметтану деректеріне негізделуі тиіс. Бұл деректер шешімдерді жүзеге асыру үшін негіз болуы керек.
«El umiti» ҚҚ мен Ұлттық статистика бюросы қолдаған әлеуметтанушылар мектебі – қазіргі әлеуметтік ғылымдарда кеңінен қолданылатын жаңа әдістер мен теорияны бөлісетін орынға айналды. Бұл мектеп мемлекеттік саясатта ойластырылған шаралар әзірленуіне ықпал етеді, – деп атап өтті Н.Назарбаев қорының атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы.
Бұл іс-шара data driven шешімдерді қабылдау үшін деректерді басқару және талдау мәдениетін құруға негіз салды, бұл әсіресе жас мамандар үшін маңызды.
Естеріңізге сала кетейік, байқауға 32 өтінім берілді, оның 12-сі финалға шықты. Командаларға нақты мәліметтер негізінде жасалған синтетикалық (жасанды) мәліметтер берілді.