Қазақтың тұңғыш педагогика ғылымдарының докторы дүниеден өтті

5 Тамыз, 17:39 1028

Қазақстан әйелдерінің арасынан шыққан тұңғыш педагогика ғылымдарының докторы Күләш Құнантаева дүниеден өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Күләш Құнантайқызы 1931 жылғы 4 наурызда Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында дүниеге келген. 1952 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының филология факультетін бітірген.

1966 жылы «Некоторые внеучебные трудовые и образовательные объединения учащихся Казахстана» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. Ал 1981 жылы «Развитие женского образования в Казахстане (1920-1975)» ғылыми жұмысымен доктор атағын алды. Өзі білім алған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын ең ұзақ уақыт 16 жыл бойы (1968–1984 жылдары) басқарды. Осы уақыттың ішінде заман талабына сай оқу ғимараттары мен үш жатақхана пайдалануға берілді. Сонымен қатар 1200 адамды бір мезгілде тамақтандыратын асхана, кітапхана мен спорт кешендері іске қосылды.

Күләш Құнантайқызының араласуымен 80 пәтерлік тұрғын үй салынып, баспанасыз жүрген институт қызметкерлері мен мұғалімдеріне берілді. Жаңадан 12 зертхана ашылды. Ал студенттердың саны 3600-дан 6200-ге жетті, факультеттер саны 4-тен 6-ға, кафедралар саны 19-дан 28-ге артты.

Отандық педагогика ғылымының дамуына сүбелі үлес қосқан көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз Күләш Құнантайқызы еліміздің жоғары білім беру саласының дамуында өз қолтаңбасын қалыптастырған қайраткер болып тарихта қалды.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: