Қазақтың қайсар мінезді ақыны

Бүгiн, 10:00 156

Биыл қазақ поэзиясының жарық жұлдызы, халықтың сүйікті ақыны Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл толады. Оның шығармашылығы қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған баға жетпес мұра. Фариза поэзиясымен халқымыздың жүрегіне жол тауып, сөздің құдіретін терең сезініп, халықтың ой-арманын, жан дүниесін бейнелеген ақын ретінде өз заманының ұлы тұлғасына айналды. Ақынның өлеңдері өмір мен өнердің үйлесімін, адамдық қадір-қасиеттің маңызын терең сезінуге үндейтін жауһар туындылардың қатарында. Бүгінгі мақаламызда жазушының өмірі мен шығармашылығына қысқаша шолу жасап, оның қазақ әдебиетіне қосқан өлшеусіз үлесі жайында сөз қозғамақпыз.

Өмір жолы

Қазақ әдебиетінің алтын қорында өшпес із қалдырған тұлғалардың бірі – Фариза Оңғарсынова. 1939 жылы 25 желтоқсанда Атырау облысының Қошалақ ауылында дүниеге келген ол қазақтың поэзиясына тың серпін беріп, өз шығармашылығында халықтың асыл мұраларын насихаттауға зор үлес қосты.

Қазақтың ақын қызы жастайынан ерекше қасиеттерімен көзге түскен. Оның балалық шағы қиын-қыстау соғыс жылдарына дөп келіп, тағдырдың ауыр сынақтарымен ерте бетпе-бет келді.

Әкесі Оңғарсын Иманғали – оқыған, елге қадірлі азамат, қазіргі Атырау облысында алғаш рет балық шаруашылығын ұйымдастырған тұлға болған. Анасы Халима Иманғалиева арабша хат танып, қазақ ауыз әдебиетін терең меңгерген. Анасының пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туралы айтқан әңгімелері мен қазақ жыр-дастандары Фаризаның жанына рухани азық болды. Ол жастайынан Қобыланды батыр жырын жатқа оқып, шындық пен әділдікті сүйген қайсар мінезімен ерекшеленді. Бала Фариза өзі туралы: «Қыз болып ойнамадым қуыршақпен, ерке еді мінезім де қыңырсоқтау» деп жазған.

Фариза Оңғарсынова отбасының кенжесі болып, балалық шағында көптеген бауырларын ерте жоғалтқан. Әкесі жүрек ауруынан ерте қайтыс болса, анасы 70-ші жылдары дүниеден озған.

Ақын бала кезінен-ақ шығармашылыққа бейімділік танытып, өзіне әсер еткен оқиғаларға байланысты өлеңдер шығаратын болған. Оның Анвар мен Алмас есімді ұлдары, Анар мен Аида келіндері, сондай-ақ Анеля, Алан, Анита, Ахметжан, Аслан, Алсу деген немерелері бар. Ерте қайтыс болған жалғыз ағасының ұл-қыздарын да тәрбиелеп, өсірген.

Қызметі

1961 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдап, қазақ тілі мен әдебиеті маманы атанды. Еңбек жолын ауыл мектептерінде мұғалім болып бастаған ол кейіннен мектеп директоры қызметін атқарды. 1966 жылы журналистикаға бет бұрып, Гурьевтегі «Коммунистік еңбек» облыстық газетінде әдеби қызметкер ретінде жұмыс істеді.

1968-1970 жылдары «Лениншіл жас» газетінің Гурьев, Ақтөбе және Орал өңірлеріндегі меншікті тілшісі болып, әділдігімен, өткір мақалаларымен танылды. Ал 1970 жылдан бастап «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің редакторы қызметін атқарып, кейінірек «Ақ желкен» журналының бас редакторы болды. Оған қоса 2000-2004 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты атанып, ел игілігі үшін аянбай еңбек етті. Ол ана мен баланы қорғау, әйелдердің құқықтарын кеңейту, әлеуметтік мәселелерді шешу жолында нақты ұсыныстар жасады. Ақынның бастамасымен дайындалған «Ана мен баланы қорғау туралы» және «Баланың құқығы туралы» заң жобалары оның қоғамдағы өзекті мәселелерді батыл көтере білгенін көрсетеді.

Шығармашылығы

Ақынның шығармашылық жолы 1958 жылы алғашқы өлеңдерінің жарық көруімен басталды. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Сандуғаш» 1966 жылы басылып шықты. Оның қаламынан «Алмас қылыш», «Тартады бозбаланы магнитім», «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын», «Тыңдаңдар, тірі адамдар», «Қарғыс», «Қасірет пен ерлік жыры» сынды поэмалар, «Үйім менің – Отаным», «Маңғыстау монологтары», «Революция және мен» секілді өлеңдер топтамалары туды. Оның шығармалары бірнеше шет тілдеріне аударылған.

Фариза Оңғарсынова аударма саласында да үлкен жетістіктерге жетті. Ол Чили ақыны Пабло Неруданың «Жүректің төрт мезгілі» кітабын, орыс ақыны А.А.Блоктың бірқатар өлеңдерін, Р.Ф.Казакова мен Е.А.Евтушенконың шығармаларын және араб ақыны Әбдірахман әл-Хамисидің туындыларын қазақ тіліне аударды.

1984 жылы ақынның «Үйім – менің Отаным», «Маңғыстау монологтары» және «Революция және мен» топтамалары Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Ол Ленин комсомолы Орталық Комитетінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен, «Құрмет Белгісі» және «Парасат» ордендерімен марапатталды.

Фариза Оңғарсынова есімі қазақ мәдениетінде мәңгілікке қалдырылды. Оның құрметіне туған жерінде ескерткіш орнатылып, Астана мен Алматы қалаларындағы тұрған үйлеріне ескерткіш тақталар қойылды. Оның атымен мектептер мен көшелер аталды. 2016 жылы ақынның 12 томдық шығармалар жинағы жарық көрсе, 2018 жылы балаларының қолдауымен естелік кітап жарияланды. Ақынның 80 жылдық мерейтойына орай «Шілде» және «Полдневный жар» кітаптары оқырмандарға ұсынылды.

Ақынның туындылары бірнеше тілге аударылып, кеңінен танылды. Төменде оның басты шығармаларының тізімі ұсынылады:

  1. «Сандуғаш» (өлеңдер жинағы), «Жазушы», Алматы, 1966 ж.
  2. «Маңғыстау маржандары» (өлеңдер), “Жазушы”, Алматы, 1969 ж.
  3. «Мазасыз шақ» (өлеңдер), «Жазушы», Алматы, 1972 ж.
  4. «Асау толқын» (өлеңдер), «Жазушы», Алматы, 1973 ж.
  5. «Көгершіндерім» (өлеңдер), «Жазушы», Алматы, 1974 ж.
  6. «Биіктік» (очерктер), «Жазушы», Алматы, 1975 ж.
  7. «Біздің Кәмшат» (повесть), «Жазушы», Алматы, 1976 ж.
  8. «Сенің махаббатың» (өлеңдер), «Жалын», Алматы, 1977 ж.
  9. «Шілде» (таңдамалы шығармалар), “Жазушы”, Алматы, 1978 ж.
  10. «Нежность» (өлеңдер), «Жалын», Алматы, 1978 ж.
  11. «Тревоги» (өлеңдер), «Молодая гвардия», Мәскеу, 1979 ж.
  12. «Озарение» (өлеңдер), «Советский писатель», Мәскеу, 1980 ж.
  13. «Полдневный жар» (өлеңдер), «Жазушы», Алматы, 1980 ж.
  14. «Сұхбат» (өлеңдер), «Жазушы», Алматы, 1983 ж.
  15. «Жүрек күнделігі» (таңдамалы шығармалар), «Жалын», Алматы, 1984 ж.
  16. «Дауа»  (өлеңдер), «Жалын», Алматы, 1985 ж.
  17. «Алмазный клинок» (өлеңдер), «Художественная литература», Мәскеу, 1984 ж.
  18. «Ожидание солнца» (өлеңдер), «Молодая гвардия», Мәскеу, 1985 ж.
  19. «Таңдамалы шығармалары» (екі томдық жинақ), «Жазушы», Алматы, 1987 ж.
  20. «Таңдамалы шығармалар жинағы» (10 томдық), Алматы, 2004 ж.

Фариза Оңғарсынованың әдеби мұрасы қазақ поэзиясының асыл қазынасы саналады. Оның шығармалары шынайылығымен, терең сезімге толы мазмұнымен және ұлттық болмысты айқын суреттеуімен ерекшеленеді.

Қайсар мінезді ақын

Ақынның мінезіндегі қайсарлық пен тектілік оның өмір жолының ажырамас бөлігі болды. Белгілі жазушы Әбіш Кекілбаев: «Фаризада өзінің талантына лайық тегеурінді мінез болды» деп әділ бағасын берген. Неміс аудармашысы Ильза Чертнер қазақ дастарқанына үйітілген қой басына таңырқап күлгенде, Фариза ақын оны үйінен қуып шығып: «Дәстүрімді сыйламаған адам, өлеңдерімді аудармай-ақ қойсын» деген екен. Бұл оқиға оның ұлттық құндылықтарға деген адалдығын көрсетеді.

Марапаттары мен жетістіктері

Фариза Оңғарсынова төмендегідей бірнеше марапатқа ие болған:  

  1. «Құрмет белгісі» ордені (1976) – әдебиет пен мәдениет саласындағы еңбегі үшін;
  2. ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1979) – шығармашылықтағы үздік жетістіктері үшін;
  3. Халыққа білім беру ісінің үздігі (1985) – білім беру саласындағы елеулі еңбегі үшін;
  4. Қазақстанның халық жазушысы (1991) – әдебиетке қосқан зор үлесі мен халықтың құрметіне бөленгені үшін;
  5. «Парасат» ордені (1996) – ұлттық мәдениет пен әдебиетке сіңірген еңбегі үшін;
  6. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты – поэзия мен әдебиет саласындағы биік жетістіктері үшін;
  7. Қазақстанның халық ақыны – шығармашылықтағы даралығы мен ұлттық поэзиядағы орны үшін марапатталды.

Фариза Оңғарсынованың бұл марапаттары оның қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан баға жетпес үлесін айғақтайды.

Мерейтой қалап атап өтілуде?

Астана қаласындағы №77 мектеп-гимназиясында қазақтың ұлы ақыны, ҚР Халық жазушысы және қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті.

Фариза Оңғарсынова қазақ әдебиетінің айрықша тұлғасы ретінде кең танымал. Оның терең мағыналы өлеңдері, очерктері, әңгімелері мен повестері тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде жоғары бағаланды. Мерейтойлық шараға ақынның туған-туыстары, танымал қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен әдебиетшілер, сондай-ақ мектеп оқушыларының ата-аналары қатысты.

Астана әкімдігі баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, іс-шара барысында Фариза Оңғарсынованың қазақ әдебиетіне қосқан үлесі мен қоғамдағы рөлі кеңінен талқыланды. Ақынның еңбек жолы ауыл мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі ретінде басталып, кейін облыстық басылымда журналист болып қызмет етуге ауысқан. Оның алғашқы өткір мақалалары қоғамды елеңдетіп, ақынның ерекше таланты мен қайталанбас даусын танытты. Фариза Оңғарсынова қазақ поэзиясының көшбасшысына айналып, өлеңдерімен халықтың жүрегіне жол тапты.

Басқосуда филолог, әдебиеттанушы Дихан Қамзабекұлы Фариза Оңғарсынованың шығармашылығы мен баспасөздегі орнын ерекше атап өтті.

Фариза апаның сөз әлеміндегі орны өзгеше. Оның шығармалары мен еңбегі қазақ поэзиясының алтын қорына қосылған ұлы мұра, - деді ол.

Шара барысында мектеп оқушылары ақынның өлеңдерін оқып, оның әңгімелерін сахналады. Мұқағали Мақатаевтың «Фариза, Фариза жан, Фариза қыз» деген өлең жолдары ақынның қазақ әдебиетіндегі айрықша орнын толықтай көрсетті. Іс-шараның соңында қатысушылар естелікке фотосуретке түсіп, бірге ерекше сәттерді есте сақтады.

Сонымен қатар Атырау облысы әкімдігі баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Атырау қаласында Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығына арналған поэзия кеші өтті. М. Өтемісов атындағы академиялық қазақ драма театрында ұйымдастырылған шараға облыс әкімі Серік Шәпкенов пен ақынның отбасы мүшелері қатысты.

Іс-шараның басталуы «Фариза – рух жанартауы» атты театрландырылған музыкалық-поэтикалық қойылыммен ашылды. Кейін облыс әкімі Серік Шәпкенов құттықтау сөзін айтып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтау хатын жеткізді.

Құттықтау хатта Фариза Оңғарсынованың қазақ әдебиетіне қосқан айрықша үлесі мен оның шығармашылығы туралы сөз болды. Ақынның поэзиясы ұлттық мәдениетті жаңғыртып, әдебиетімізде ерекше із қалдырғаны, оның өлеңдері адамның асыл қасиеттерін, ұлттың рухани әлемін терең бейнелегені айтылды.

Шараға Қазақстанның танымал ақындары мен қоғам қайраткерлері қатысты, олардың қатарында ҚР Жазушылар Одағының төрағасы Мереке Құлкенов, ақын Ақұштап Бақтыгереева, әдебиеттанушы Сауытбек Әбдірахманұлы және басқа да белгілі тұлғалар болды. Кеште ақынның сөзіне жазылған әндер шырқалып, театр фойесінде оның өмірі мен шығармашылығына арналған көрмелер қойылды.

Бұл іс-шара ақынның шығармашылық мұрасын ұлықтап, жастарға оның әдебиетін таныту мақсатында өткізілді.

Түйін: Фариза Оңғарсынова тек ақын ғана емес, үлкен тұлға, жан-жақты дамыған қайраткер ретінде тарихта қалады. Оның өмірі мен шығармашылығы ұрпақтан-ұрпаққа үлгі боларлықтай. Ақынның өлеңдері мен қоғамға сіңірген еңбегі мәңгілік болары сөзсіз.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: