Қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан Анастасия Ульченко бүгінде әулеттің ырысын арттырып, отбасының ұйытқысы болып отыр. Қазақ тілін еркін меңгергенімен бірге қазақтың салт-дәстүрін қатты құрметтейді. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі кейіпкерді сөзге тартып, әңгімелесіп қайтты.
Бүгінде ол «Master Sky Group» халықаралық компаниясында өзіне-өзі қызмет көрсету аппараттарын жасау бойынша жұмыс істейді. Өзі тіл білгеннің арқасында бұл жұмысқа келдім деп отыр.
Ауылда өстім. Қазақ тілін үйренуге ниетім және құлшынысым болды. Үйде алты бала өстік. Мен отбаында бесіншісі баламын. Бәрі қазақша біледі. Десе де, мен тереңдетіп оқыдым. Тек қазақ тілін ғана емес, әдебиетін және қазақ тарихын, салт-дәстүрін зерттеп таныдым және әлі тани түсудемін, – дейді Анастасия.
Қазақ тілін үйрену ол үшін аса қиынға соқпаған көрінеді. Оған ортасы да әсер еткен. Сонымен қатар отбасының қазақша сөйлегені де мемлекттік тілді меңгеруге септігі тигізген. Ол қазақ тілін білмейтіндерге және қазақша үйренгісі келетіндерге үнемі ақыл-кеңесін айтып жүреді.
"Қазақ тілін білмей, қазақ елінде толық адам болып өмір сүруге болады" деген сөзге өз басым келіспеймін. Қазақ тілі –мемлекеттік тіл. Менің ойымша, қажеттілік болуы тиіс. Қажеттілік бар жерде тілдің өркені өседі. Қазақ тіліне деген жағымды көзқарасты жақсы жарнаманы жолға қою керек. Одан соң тіл отбасында, мектепте, жоғары оқу орындарында мықты орныққаны жөн. Қазақ тіліне қатысты айтылмай, жазылмай жүрген әңгіме қалмаған сияқты. Қазір мемлекеттік тілдің жағдайын алатын болсақ, мүлде құрып кетті деп айту ұят. Қаншама жұмыстар жасалып жатыр. Біраз азаматтар қазақ тілін үйрену үстінде. Оған біз де әлімізше атсалысып жүрміз, – дейді украин қызы.
Ол «Өзге ұлт өкілдері балаларын қазақ балабақшасына, қазақ мектептеріне беріп жатыр. Менен қазақ тілін қалай тез үйренуге болатынын жиі сұрайтындар көп. Сол кезде өз тәжірибеммен бөлісемін. Бұдан ешқашан тартынып көрген емеспін», дейді кейіпкер.
Қазіргі таңда ол «Сөйле» тілдесу клубында қазақ тілінде сабақ беретінін және бірнеше тіл меңгергенін атап өтті. Десе де, өзі үшін мемлекеттік тілді бірінші орынға қоятынын айтты. Өйткені қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, шаңырақ көтерді. Бүгінде екеуінің бір қызы бар. Жақында қазақы салт-дәстүрмен тұсаукесер тойын жасады.
Жолдасым – қазақ. Қазақтың келіні болу бақыты бұйырғаны үшін өзімді шексіз бақытты санаймын. Қазақ отбасына тез сіңіп кеттім. Бұл тұрғыда енемнің бойындағы кең пейілділігі мен бауырмалдық қасиеттері ерекше ықпал етті. Қызымыздың 1 жас (тұсаукесер) тойына жарты жыл дайындалдық. Той екі тілде өтті. Жүргізуші де қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілі болды. Той барынша қазақтың салт-дәстүрімен өткенін қаладым. Үстіміздегі қазақы нақыштағы киімдерді менің әке-шешем (қызымның нағашы атасы мен апасы) арнайы тіктірді, – дейді ол.
Тұңғыш қызы болғасын тұсауын ел алдында біраз бүлдіршіннің тәй-тәй басуына септігін тигізіп, батасын беріп жүрген әнші Сәкен Майғазиевқа кестірген.
Тұңғышымыз болған соң, тұсауын балажанды, ел алдында сыйлы Сәкен Майғазиев аға кессе екен деп армандадым. Бұл әнші бала күнімнен ерекше жақсы көретін өнер адамы. Мен үшін тек өнер адамы ғана емес, рухани бай тұлға ретінде үлгі алатындай жан. Сәкен ағаға хабарлама жазып, ниетімді білдірдім. Ол кісі бірден келісті. Қуанышымда шек болмады. Қызымыз сол кісі секілді ақ көңіл, аузын ашса жүрегі көрінетін жан болса екен деймін, – деді.
Қазақ тілін білгендіктен, жолдасының туыстарымен, салт-дәстүрден ешқандай қиындық болмағанын айтты. Десе де, жұрт одан «Тілің, дінің басқа, дастархан басында, салт-дәстүрді қалай ұстанасыңдар?» деп жиі сұрайтынын көрінеді.
Ұлтым басқа болса да, жарым деп жүрегін ұсынған азаматтың еліне, тіліне, салтына үлкен құрметпен қараймын. Ұлттық салт-дәстүрді құрметтеймін. Баға бере алмаймын. Өйткені қазақ салт-дәстүрі баға жетпес құндылық деп санаймын, – дейді Анастасия Ульченко.