Қазақ тілінің мәртебесі бүгінде қоғамда өзекті мәселеге айналып отыр. Әлеуметтік желілерде қазақ тілінде контент ұсынып, халықтың пікірін тыңдау бұл тілдің ғана емес, ұлттық болмыстың өзгеруіне де септігін тигізеді. Бұл мәселе төңірегінде қазақ тілінің мәртебесін көтеруге арналған ұсыныстар мен пікірлердің жиынтығы әр адамның әрқайсысына маңызды міндет жүктейді. Осы ретте El.kz тілшісі өзге этнос өкілі болса да, өзін қазақпын деп санайтын және қазақтілді контенттің аздығына алаңдаушылық білдіріп, депутаттарға ұсыныс тастаған студент Альбина Девивыемен тілдесті.
Этносаралық қатынастар тарихы терең әрі көп қырлы тақырып болып саналады. Бүгінгі таңда бұл мәселе кеңінен зерттеліп, талқылануда. Әсіресе, оның жастар үшін үлгі боларлық көп тұстары бар.
Бала кезімізден түйгеніміз, ата-бабаларымыздан қалған асыл мұрамыз - қазақ тілін сақтап қалу мен дамыту болашақ ұрпақтың қолында. Бірақ бүгінгі таңда тілдің қолданыс аясы тарылып, жастардың көпшілігі орыс тілін таңдайтын болды.
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті журналистика факультетінің 1 курс студенті Альбина Девивые қазақтілді интернет контенттің аздығына алаңдаушылық білдіріп, осының салдарынан кейбір балалардың ана тілін үйренуде қиындықтарға тап болып жатқанына алаңдаулы.
«Ауыл» партиясының этнос жастарымен кездескен жиынында Альбина отырысқа қатысқан партия депутаттарына осы мәселеге назар аудару қажеттігін айтып, ұсынысын білдірді.
жеке мұрағат
Қазіргі таңда қазақ тіліндегі интернет контентінің аздығы мені алаңдатып отыр. Өкінішке орай, қазіргі интернетте қазақ тілінде материалдар өте аз, бұл өз кезегінде балалардың ана тілін үйренуінде қиындықтар туғызады. Кішкентай балалар өзге тілде сөйлеп жүр. Сондықтан да, қазақ тілді контентті көбейту өте маңызды. Бұл мәселеге ерекше назар аударып, балаларға ана тілін үйренуге қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Қазіргі заманның талабына сай, қазақтілді контентті арттыру арқылы ұрпағымызды өз тілінде тәрбиелеп, мәдениетімізді сақтап қалуымыз керек, – деді ол.
Альбинаның айтуынша, қоғамда қазақ тілінің мәртебесі төмендеп бара жатқанын байқаған. Содан кейін ол түрлі бейнероликтер түсіре бастаған.
Бұл мәселені қазір көтеріп отырмын. Осыған байланысты әлеуметтік желілерде қазақ тілінде роликтер салып, адамдардың пікірлерін біле бастадым. Көптеген адамдар қазір өзге тілде ойланады. Бұл әсіресе, өсіп келе жатқан балаларға қатысты. Егер біз бұл мәселені елемей, тек өзге тілде роликтер түсіретін болсақ, олардың ойы қазақ тілінде қалыптаспай, басқа тілге ауып кетуі мүмкін. Сондықтан мен осы мәселені көтеруді дұрыс деп таптым, – дейді.
Бұдан өзге ол қазір көп мультфильмдер мен фильмдер орыс тілінде дубляждалып жатқанын тілге тиек етті. Бұл өз кезегінде қазақ тілін дамыту үшін үлкен мүмкіндік береді. Мультфильмдерді қазақ тіліне аударып, қазақша дубляж жасау қажет деп есептейді.
Сол кезде балалар да, ересектер де қазақ тілінде сөйлеп, тіл үйрене бастайды. Бірақ бұл бірден болмайды, уақыт қажет. Әрине қадам-қадаммен осыны іске асыруға болады деп ойлаймын. Мәселен кинотеатрларда, көгілдір экранда және басқа да арналарда қазақ тіліндегі контент көбейту керек. Сонда адамдар қазақ тілінде сөйлесуді үйренеді. Мен өзім де қазір әлеуметтік желіде қазақша видеолар түсіріп, қазақ тілінде музыкалар мен контент жасап, өзімнің аудиториямды жинап жатырмын. Өйткені қазір көп контент орыс тілінде болып жатыр. Бірақ қазақша контент әлі де көп емес, енді қызып келеді, – дейді Альбина Девивые.
Ол қазіргі таңда өзінің әлеуметтік желісінде осы мәселелерді көтеріп жүр. Қолдап жатқан адамдар да бар көрінеді. Қазақ тілінде көптеген нәрселер өзгеруі керек деп санайды. Ал орыс тілінде оны қолдамайтын адам жоқ деп отыр.
Бірақ ауылда тұратын адамдар үшін орыс тілі қиынға соғуы мүмкін. Себебі мен де ауылдан келдім, сол себепті осы жағдайды түсінемін. Менің контентім негізінен қазақ тілінде поэзия және адамдармен қазақ тілінде әңгімелесуге бағытталған. Әртүрлі мақал-мәтелдер айтып, адамдардың ойын білуге тырысамын. Тіпті түрлі тақырыптарда тек қазақ тілінде сыр шертемін. Бұл әлеуметтік емес, еркін тақырыптар. Бұл контентке көп адамдар таң қалады, мен сияқты жандар көп болса, жақсы болар еді, – дейді ол.
Альбинаның контентіне басында көп адамдар таңқалып, қарсы болғандар да барын жасырмады. Ал қазір бәрі оның контентіне үйреніп кеткен.
Мені бір жерден көріп қалса, маған бірден қазақша сөйлей бастайды. Балалар қарайтын мультфильмдерден бастап, ересектер көретін фильмдерге дейін қазақ тілінде болғанын қалаймын. Бұл процесс бірден болмайды, десе де келесі жылдары солай болса деген үміттемін, – дейді.
Оның ұсынысы әлеуметтік желілерде де, басқа платформаларда болсын барлық контентті қазақ тілінде жасау керек. Сол кезде қазақ тілі көпшілікке сіңіп, танымал болатынын айтады.
Бұл ұсынысына Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Егізбаев пікір білдірді. Мәжілісмен Альбинаны қолдайтынын жеткізді. Депутаттың сөзінше, ана тіл бұл үлкен философия. Соның ішінде дала философиясы бар,сол себепті тілді насихаттауды жастар өзінен басьау керек деп есептейді.
Бүгінде Альбинаның отбасы бәрі қазақ тілінде сөйлейді. Өзі Қарқаралы ауданының Қаракөл ауылында туып өскен. Кішкентай кезінен қазақ тілін үйреніп, қазіқ тілді мектепке барған ол өзін қазақпын деп есептейді. Әкесі Виталий мен анасы Наталья қарапайым шаруа отбасы және еңбек адамдары. Бүгінде Альбинадан бөлек төрт бала тәрбиеліп, өсіріп отыр.
жеке мұрағат
Иә, анам мен әкем ауылда тұрады. Қарапайым шаруа адамдары. Ата-әжеміз көп балалы, екі ұл мен үш қызды тәрбиелеп өсірген. Бойымызда неміс, татар және орыс ұлтының қаны бар. Алайда даңқы кеңінен жайылған қазақы ортада өсіп, тәлім-тәрбие алғасын, барлығымыз ең бірінші тек қазақ тілінде ғана сөйлейміз. Қазақ мектебіне бардық. Қазір Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Журналистика» мамандығында, қазақ тобында оқып жатырмын. Туған тілім яғни, орыс тілін осы Қарағандыға келіп үйрендім. Сол себепті қазақ тілі – менің тілім! Бар жан дүниеммен өзімді қазақпын деп есептеймін. Елімнің шынайы патриотымын, – дейді Альбина Девивые.
Альбинаның сөзінше, әкесі мен анасы екеуі таң атқаннан кеш батқанға дейін бір тыным таппай жұмыс істейтін өте еңбекқор жандар екенін айтады. Олар жарқын болашақ сыйлау үшін барын салып жатқанын жеткізді.
Мал шаруашылығымен айналысады. Қой-ешкінің соңында жаз жайлау, қыс қыстауға көшіп жүреді. Кеңес Одағы ыдыраған жылдары туған жерінен көптеген туыстары Германияға қоныс аударды. Бірақ ата-анамыз туған жері Қазақстаннан алыстамады. Өйткені олардың ауылын сағындырып тұратын самал ауасы, таза табиғаты бәрінен қымбат болды, – дейді.
Анасы үй шаруасымен қатар үй шаруасына да үлгеріп, бала-шағаның жағдайын жасап, бар жастығын, өмірін балаларына арнағанын жеткізді.
Анашым қазағымның қонақжай дәстүрін қатты қастерлейді және сақтайды. Қонақпен бірге үйге құт келеді деп санайды, – дейді Альбина.
Өзге ұлт өкілінен болса да, қазақы салт-дәстүрді сақтап отырған отбасы — бұл қазіргі қоғамның мәдени ықпалдастығы мен ұлттық сананың бірлігін көрсететін ерекше жағдай. Көптеген адамдар ұлттық дәстүрлерге қатысты біржақты көзқараста болып, әр халықтың салт-дәстүрлері өз ұлтына ғана тән деп есептейді. Дегенмен, бұл отбасылардың мысалында қазақ халқының қонақжайлылығы мен салт-дәстүрлерін құрметтеп, оларды күнделікті өмірінде қолданатын басқа ұлт өкілдерінің үлгісі бар.
жеке мұрағат
Мұндай отбасылар қазақтың мәдениетін, тілін және тұрмыс салтын өздеріне тәнті етіп, ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, өздерінің өмірлік философиясына айналдырады. Олардың қазақы дәстүрлерді қабылдап, соның ішінде жылқы мен сиыр сою сияқты іс-әрекеттерді орындауы – бұл қазақ халқының шаруашылық өмірін, еңбекқорлығын, табиғатпен үйлесімділігін бағалауды білдіреді.
Қазақтың қонаққа шақыру дәстүрі де бұл отбасының өмірінде маңызды орын алады. Қазақ халқы қонақжайлығын бүкіл әлемге әйгіледі. Үйге келген қонаққа ең жақсысын ұсыну, көңілін көтеру, үлкен құрмет көрсету — бұл қазақтың басты мінез-құлқынан. Орыс ұлтының өкілдері осындай дәстүрлерді өздерінің мәдениетіне сіңіріп, әрі қарай дамытуда. Олар қонаққа тартылған тағамның молдығына, дастарқанның байлығына мән беріп, қазақы салттың бір бөлшегі бола отырып, өздері де осы дәстүрге құрмет көрсетеді.
Ұлтаралық қарым-қатынас пен мәдениет алмасудың керемет үлгісі ретінде, мұндай отбасылар қазақтың ұлттық киімдерін киіп, ұлттық тағамдар әзірлеп, тіпті қазақша ән айтып, би билеуі мүмкін. Олар үшін қазақтың дәстүрлерін сақтау — ұлттық бірлік пен татулықтың белгісі, сондай-ақ, болашақ ұрпақтарға бұл дәстүрлерді жеткізудің маңызды жолы.
Мұндай көріністер қазіргі қоғамда ұлттық сананың дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастыққа өз үлесін қосуда. Қазақтың салт-дәстүрлерін құрметтеу тек ұлтқа ғана тән емес, оны ортақ мәдени мұра ретінде қабылдау да өте маңызды. Бұл жағдай ұлттық өркендеуге, мәдениеттің байлығын сақтап қалуға, сондай-ақ, бір-бірімізді сыйлауға негіз болатын күшті фактор болып табылады.