«Қазақтелекомдағы» жемқорлық: 450 млн теңге залал келтірілген

2 Желтоқсан, 17:20 490

«Қазақтелеком» АҚ филиалы – Сервистік фабрикасы лауазымды адамдары өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі заңсыз сатып алынған активтерді қайтару бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде.

Қабылданған шаралар мен тетіктер кешені қойылған міндеттерді тиімді іске асыруға және заңдылықтың бұзылуына уақтылы ден қоюға мүмкіндік береді.

Мәселен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Жамбыл облысы бойынша департаменті ұлттық компанияның жылжымайтын мүлік портфелін басқаруға жауапты бөлімше болып табылатын «Қазақтелеком» АҚ филиалы – сервистік фабрикасының лауазымды тұлғаларына қатысты өкілеттіктерді теріс пайдалану фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуде.

Филиалдың бас директоры мен бірқатар қызметкерлері мемлекет мүддесіне қайшы және кәсіпкер үшін пайда табу мақсатында оған Тараз қаласындағы Қоғамның әкімшілік ғимаратын көрінеу төмен бағамен сатқан деп күдіктенеді. Олардың заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде мемлекетке 450 млн теңгеден астам сомаға материалдық залал келтірілді. Келтірілген зиянды өтеу жөніндегі қамтамасыз ету шаралары ретінде жоғарыда аталған нысанға тыйым салынды. Соттың санкциясымен күдіктілер қамауға алынды, - делінген ақпаратта.

Тергеу жалғасуда. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: