Қазақстанның Украинадағы жағдайға қатысты ұстанымы қандай? Тоқаев жауап берді

20 Маусым 2023, 17:08 818

Қасым-Жомарт Тоқаев Украинадағы жағдайға қатысты Қазақстанның ұстанымын тағы да айқындады. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Президент Қазақстан БҰҰ жарғысын қатаң сақтап, бейбіт елдердің бастамасын қолдайтынын тілге тиек етті. Ол жуық арада Украинадағы қарулы қақтығыс тоқтайтынына сенім білдірді.

Мен бұл күрделі мәселеге қатысты ұстанымымызды айқындадым. Біріншіден, біз БҰҰ жарғысын қатаң сақтауымыз керек. Әрине, Біріккен Ұлттар Ұйымын әлемде теңдесі жоқ әрі әмбебап ұйым ретінде қолдауға тиіспіз.

Екіншіден, біз Қытайдың, сондай-ақ басқа да мемлекеттердің барлық бейбіт бастамасын қолдауымыз қажет. Сондықтан жақын арада Украинадағы қарулы қақтығыс тоқтайды деп үміттенеміз. Содан кейін әлемнің осы бөлігінде берік бейбіт өмір орнайтыны туралы сөз қозғай аламыз. Қазақстанға келетін болсақ, біз осы мақсатқа қол жеткізуге өз үлесімізді қосуға дайынбыз.

Сонымен қатар біз – Ресеймен стратегиялық серіктеспіз және бірнеше ұйымның мүшесі екенімізді атап өткен жөн. Сондықтан біздің мақсатымыз – екіжақты және халықаралық ұйымдар аясында өзара ынтымақтастығымызды нығайту үшін Ресеймен тығыз байланысты сақтау, - деді Тоқаев.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: