Қазақстанның туризм саласындағы әлеуеті Иракта таныстырылды

1 Наурыз 2023, 19:13 945

Қазақстанның Иорданиядағы Елшілігі «Hala Kazakhstan» туристік компаниясымен бірлесіп, Бағдад қаласында қазақстандық павильонын ашты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еліміздің стенді және дәстүрлі қазақ киіз үйі Ирактың жыл сайынғы «Iraqi Tourism–2023» халықаралық туристік форумының нағыз сәніне айналды. Павильонға Ирактың Мәдениет, туризм және көне заттар министрі Ахмед Факак әл-Бадрани кіріп-шықты.

Форум аясында Ирактың туристік компанияларымен екіжақты кездесулер өтті, сондай-ақ еліміздің туристік және инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Аталған іс-шараға Қазақстанның қатысуы Ирак азаматтарының аса қызығушылығын тудырды.

Сонымен қатар, Елшілік қызметкерлерінің Бағдадқа сапары шеңберінде жергілікті Сауда палатаның президенті Фарис Әл-Хамдадимен және Ирак темір жолдарының Бас директоры Юнис Халед Джавадимен кездесулер өткізілді. Келіссөздер барысында Қазақстан-Ирак сауда-экономикалық, көлік және инвестициялық ынтымақтастығын дамыту перспективалары, сондай-ақ тауар айналымын ұлғайтуға және бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған нақты қадамдар талқыланды.

Ирак тарапы тиісті шарттық-құқықтық базаны қалыптастыруға мүдделілігін және екіжақты қатынастарды одан әрі жандандыруға дайындығын білдірді.

EL.KZ
Бөлісу: