Қазақстанның су қоймаларында 75 млрд текше метр су жиналды

25 Маусым, 17:50 540

Суару кезеңі басталғалы Су ресурстары және ирригация министрлігі еліміздегі 20 мыңнан астам шаруаны суармалы сумен тұрақты қамтамасыз етіп отыр. Бүгінгі таңда «Қазсушар» филиалдары дихандарға шамамен 2,8 млрд текше метр су берді. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мөлдір Әбдуалиеваның сөзінше, биыл «Қазсушар» 790 мың гектардан астам егіс алқабын суаруға 7,6 млрд текше метр су жіберуді жоспарлап отыр. Оның 7,3 млрд–ы республиканың оңтүстік өңіріне жұмсалады.

Қазақстанның 6 өңірінде – Алматы, Түркістан, Қызылорда, БҚО, ШҚО және Жетісу облыстарында «Қазсушар» филиалдары 600 шақырымнан астам каналды механикалық әдіспен тазалайды. Сонымен қатар, жөндеу жоспарланған 400 астам гидробекеттің 102-і жөнделді. Қазақстанның су қоймаларында 75 млрд текше метр су жиналды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 млрд текше метрге артық. Су қоймаларында жиналған судың 12 млрд астамы тасқын суы, - деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі.

Сондай-ақ оның айтуынша, су тасқыны кезінде Балқаш көліне 3,3 млрд текше метр, ал Каспий теңізіне шамамен 6 млрд текше метр су жіберілген. 80 млн текше метр тасқын суы БҚО Қамыс-Самар көлдеріне жіберілді, бұл көлдерге шамамен 20 жыл бойы су бармаған.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: