Қазақстанның Еңбек кодексіне жеті жылда 256 түзету енгізілген

18 Мамыр 2023, 17:33 783

Maqsut Narikbayev University-де «Өзгерістер дәуіріндегі еңбек құқығы: трендтер мен жаңа сұраныстарға жауаптар» атты тақырыбында «MNU-дағы еңбек құқығы апталығы» аясында ашық дәрістер өтуде. Бұл туралы университеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

«Өзгерістер дәуіріндегі еңбек құқығы: трендтер мен жаңа сұраныстарға жауаптар» апталығының мақсаты – еңбек құқығы саласындағы ағымдағы тенденцияларды талдау және әлемдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың өзгеруіне байланысты жаңа сұраныстарға жауаптарды әзірлеу. Мамырдың 17-сі күні осы ашық дәріс аясында Maqsut Narikbayev University PhD, Associate Professor Мүсілім Хасеновтің «Қазақстанның Еңбек кодексінің новеллалары, еңбек құқығындағы сот практикасының рөлі» атты презентациясы өтті.

Мүсілім Хасеновтің айтуынша, Қазақстанның 2015 жылғы Еңбек кодексі өте қысқа мерзімде, яғни бір-екі айдың ішінде қабылданған. Бұл ретте кодекстің өзі 215 баптан тұратын болса да, 7 жыл ішінде оған 256 түзету енгізілді. Бұл өзгертулердің екінші кезеңіне өтіп кеткенімізді білдіреді.

Енгізілген өзгертулер негізінен түзету және редакциялық сипатта. Яғни нақтылауларды, айқын қателерді түзетуді және кодекс мәтінін жақсартуға бағытталған. Осылайша бұл түзетулер негізінен 2015 жылғы қателер бойынша жұмыс болды деп айта аламыз. Тұтастай алғанда, бұл біздің мемлекетіміздің еңбек қатынастарын дамытуға және осы саладағы мемлекеттік саясатқа қатысты нақты көзқарасының жоқтығын көрсетеді. Уәкілетті орган бұл саланың қайда бара жатқанын және оны қалай дұрыс реттеу керектігін түсінбейді. Жалпы бізде уақыт талабына сай өзгерістері бар еңбек қатынастары саласындағы тенденциялар мен проблемаларды анықтайтын бағдарламалық құжаттары жоқ, - деді сарапшы.

Ол сондай-ақ 90-жылдар мен 2000 жылдардың басында Қазақстанда бірінші Еңбек кодексі қабылданғанға дейін болған әлеуметтік-еңбек қатынастарын реформалау тұжырымдамасы қабылданғанын атап өтті. Алайда қазіргі уақытта Еңбек кодексі болғанымен, бұл саланың қозғалысы мен дамуын айқындайтын бекітілген тұжырымдамалар, стратегиялар немесе жоспарлар жоқ.

Нақты стратегиялық жоспарлаудың болмауы мемлекеттің әлеуметтік-еңбек қатынастарының болашағына нақты көзқарасының және оларды тиімді басқарудың реттеуші тетіктерінің жоқтығын білдіреді. Бұл неге әкеледі? Бұл еңбек даулары динамикасының жоғарлауына әкеледі. 2016 жылдан бері еңбек дауларының жалпы динамикасы орташа есеппен 8 мың талап. Біз бұл жағдайдың әлі де өзгермегенін көріп отырмыз, - деп қосты Мүсілім Хасенов.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: