Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болғанына 33 жыл толды

2 Наурыз, 18:06 477

1992 жылғы 2 наурызда Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелігіне қабылданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Осы тарихи сәттің 33 жылдығына орай Қазақстан дипломатиялық қызметінің ардагері, 1989-1991 жылдары Қазақ КСР мен ҚР Сыртқы істер министрі, БҰҰ жанындағы алғашқы ҚР Тұрақты өкілі Ақмарал Арыстанбекова ҚазАқпарат тілшісіне тарихи сәттің маңызын айтып берді.

Біріншіден, жас тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасының 1992 жылы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымына кіруі оның мемлекеттік егемендігі мен тәуелсіздігін халықаралық деңгейде мойындауды, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық құқық пен халықаралық қатынастардың субъектісі ретінде танылуын білдірді. Сол күннен бастап Біріккен Ұлттар Ұйымы еліміздің мемлекеттік егемендігі мен тәуелсіздігінің кепілі болды. Бұл ең бастысы.

Екіншіден, Қазақстанның БҰҰ-ға кіруі елімізге күрделі жаһандық мәселелерді шешуге қатысуға және халықаралық аренада өзінің ұлттық мүдделерін қорғауға мүмкіндік берді. Ең алдымен бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті сақтау, экономикалық ынтымақтастық, адам құқықтарын қорғау және ілгерілету, гуманитарлық және бітімгершілік қызмет, сондай-ақ экологиялық проблемаларды шешуге белсенді атсалысатын халықаралық ұйымның толыққанды мүшесі ретінде жаһандық мәселелерді шешуге тікелей қатысып баға жетпес тәжірибеге ие болды.

Үшіншіден, Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына кіруі жас және тәуелсіз елімізге БҰҰ қызметінің барлық салаларында ондаған жылдар бойы жинақталған бірегей тәжірибесін толық пайдалануға мүмкіндік берді. Сондықтан да ішкі және сыртқы саясатымызды халықаралық құқық пен нормалар, қағидаттар, БҰҰ Жарғысы, сондай-ақ әлемдік тәжірибе негізінде жүзеге асыру Қазақстанға экономикалық және әлеуметтік реформаларды сәтті жүзеге асыруға үлкен септігін тигізді, - дейді Ақмарал Арыстанбекова.

 

Перизат Саденова
Бөлісу: