Қазақстанның болашағы үшін АЭС салудың маңызы жоғары

29 Тамыз, 13:05 502

Бүгін премьер-министр мен Үкімет мүшелерінің қатысуымен Президенттің Жолдаулары мен сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша Мәжілісте «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысы өтті,  деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Онда Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Қазақстанның болашағы үшін АЭС салудың маңыздылығын және еліміздің барлық прогрессивті күштердің осы бастаманы толық қолдауы қажеттігін айтты.

Қазіргі уақыттағы қызу талқыланып жатқан ең өзекті мәселе – Атом электр станциясын салу. «AMANAT» фракциясының депутаттары Мемлекет басшысының референдум өткізу туралы идеясын толық қолдайды. «AMANAT» партиясы осы науқанды Үкіметпен бірлесіп, жоғары деңгейде өткізуге атсалысуға, кең ауқымда ақпараттық-түсіндіру жұмысын ұйымдастыруға дайын. Еліміздегі барлық саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар бізбен бірге Президенттің осы прогрессивті бастамасын іске асыруға жұмылады деп сенеміз, – деді Ерлан Қошанов.

Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттарды Президенттің Жолдаулары мен 2023-2029 жылдарға арналған «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасының іске асырылу барысы туралы хабардар етті.

 Мемлекет басшысы айқындап берген мақсат – 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін 450 млрд долларға дейін жеткізу. Бұл – біздің стратегиялық бағдарымыз. Экономика құрылымын түбегейлі өзгерту бағытында белсенді шаралар қабылдануда. Қайта өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, ақпараттық технологиялар және басқа да заманауи, жоғары технологиялық және инновациялық салалар еліміздің жаңа экономикасының іргетасы болуға тиіс, – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр Үкіметтің отандық тауар өндірушілерін қолдау бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Инвестиция көлемі 15 трлн теңгеден асатын 17 ірі жоба  жүзеге асырылуда, бұл 26 мың жұмыс орнын құруға және импортқа тәуелділікті 1,5 трлн теңгеге төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу шеңберінде қазақстандық кәсіпорындармен жасалған келісімшарттардың саны 1,4 есеге артты, ал олардың жалпы сомасы 40%-ға өсті.

Сондай-ақ Үкімет басшысы елдің агроөнеркәсіптік кешенін қолдауға бағытталған заманауи агротехнологияларды дамытуға және ауыл шаруашылығын әртараптандыруға арналған шаралар туралы айтып берді.

 Биыл егіс науқанын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері негізінен шешілді. Көктемгі дала жұмыстарын және егін жинау науқанын қаржыландыру сомасы 4 есеге, 580 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл – соңғы жылдар ішіндегі ең ауқымды қаржыландыру көлемі. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Соңғы екі жылда ауыл тұрғындарына 100 млрд теңгеден астам сомаға шағын несиелер берілді. Нәтижесінде 20 мыңға жуық азамат өз кәсібін ашты, — деді премьер-министр.

Олжас Бектенов Үкімет әлеуметтік мәселелерді шешуге ерекше назар аударып отырғанын, сондықтан мемлекет бюджетінің жартысынан көбісі әлеуметтік салаға бағытталғанын атап өтті.

Мәселен, колледж студенттеріне стипендия мөлшері 50%-ға, бакалавриатқа 20%-ға, магистратура мен докторантураға 15%-ға артты. 1 қыркүйектен бастап 445 мың студенттің стипендиясы өседі. Сонымен қатар зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін әлеуметтік төлем енгізілді. Бүгінде 1,7 млрд теңге көлемінде аталған төлемді 9 мыңнан астам жұмысшы  алды, – деп түсіндірді ол.

Премьер-министр сондай-ақ жұмысқа орналастыру, микрокредит беру, субсидиялау, медициналық сақтандыру жүйесіне тарту арқылы өмірдің қиын жағдайына тап болған отбасылар санын қысқарту тетігі туралы айтып берді.

Талқылау қорытындысы бойынша Ерлан Қошанов әлемдегі күрделі геосаяси ахуалға және елдегі табиғи апаттарға қарамастан, мемлекеттің негізгі әлеуметтік міндеттемелері толық орындалып жатқанын айтты. Ол Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауларында халықтың әл-ауқатын арттыруға және елді дамытуға бағытталған ауқымды міндеттер қоятынын атап өтті.

Президент жолдауларындағы, Сайлауалды бағдарламасындағы тапсырмаларды  сапалы орындау – баршамыздың басты міндетіміз. Қазірдің өзінде Мемлекет басшысының барлық Жолдауы, берген уәделері толық орындалып жатыр деп сеніммен айта аламыз. Олар әр азаматтың, әр отбасының, әр қаланың, әр ауылдың негізгі мәселелерін шешуге бағытталған. Сондықтан алдағы уақытта да осы қарқынды бәсеңдетпеуіміз керек. Парламент, Үкімет, жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қоғам үйлесімді әрі тиянақты жұмыс істеуге тиіс, – деді Мәжіліс Спикері.  

Сондай-ақ Ерлан Қошанов әлемдегі күрделі геосаяси ахуалға және елдегі табиғи апаттарға қарамастан, мемлекеттің негізгі әлеуметтік міндеттемелері толық орындалып жатқанын айтты. Сонымен қатар ол халықты алаңдатып және Үкімет тарапынан баса назар аударылуын талап ететін бірқатар мәселеге тоқталды. Бұл – көктемгі су тасқынының салдарын жою, бағаның өсуі, жұмыссыздық, жылу беру маусымына дайындық, мектептер мен ауруханалар жетіспеушілігі.

Отырысты қорытындылай келе, премьер-министр Олжас Бектеновке және Үкіметтің барлық мүшесіне бірлескен жемісті жұмысы үшін алғысын білдірді. Бұл ретте, ол фракция Премьер-Министр лауазымына қатарынан екінші рет кандидатура ұсынып отырғанын, ал Мәжіліс комитеттері министрлер кабинетінің әрбір мүшесінің кандидатурасын келісетінін айтты. Сондықтан депутаттар мен Үкімет Мемлекет басшысының барлық тапсырмасының орындалуы бойынша халық алдында да, Президент алдында да жауапкершілігі ортақ. Мәжіліс төрағасы дәл осы тәсіл Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін  атап өтті.

 

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: