Қазақстанның боксшы қыздары Италиядағы турнирге аттанды

22 Ақпан, 13:45 827

Әлемдік лицензиялық турнирге қатысу үшін Қазақстан құрамасы Италияның Бусто-Арсицио қаласына аттанды. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бас бапкер Шәміл Сафиуллин және Алуа Балқыбекова (50 келі) мен Жайна Шекербекова (54 келі) Апеннин түбегіне Алматы арқылы аттанса, Римма Волосенко (60 келі), Наталья Богданова (66 келі), Валентина Хальзова (75 келі) және өзге жаттықтырушылар алқасы Астана арқылы ұшты.

Лицензиялық турнир алдында боксшыларымыз Италияның Ассизи қаласында бір апталық оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Жаттығу жиынына Қазақстан құрамасынан бөлек, турнирге қатысатын 30-ға жуық команданың боксшылары дайындықтарын пысықтамақ.

Боксшыларымыздың дайындықтары жақсы. Италияда қыздарымыз аянып қалмайды. Жаттығу жиынында дайындығымызды әлі де пысықтаймыз.  25 ақпаннан бастап спаррингтік кездесулер өткіземіз де, Бусто-Арсицио қаласына 29 ақпанда шығамыз, - деді Шәміл Сафиуллин.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Қазақстан әйелдер құрамасында Париж Олимпиадасының бір лицензиясы бар. Оны 57 келіде Карина Ибрагимова жеңіп алған. Ал Италиядағы турнирде әйелдер арасында Олимпиаданың 21 жолдамасы сарапқа салынады.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: