Қазақстанның байлығы азаматтарымыздың барлығына қолжетімді болуы тиіс – Ерлан Саиров

12 Шілде 2023, 17:10 1352

Мемлекет басшысы «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойды. Жаңа заңға қатысты Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Заң жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын (атқарған) субъектілерге, мемлекеттік заңды тұлғаларға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, сондай-ақ аталған тұлғалармен аффилирленген субъектілерге қолданылады.

Бұл еліміздің қоғамдық дамуындағы маңызды заңдардың бірі болады. Өйткені 30 жылдың ішінде Қазақстанда белгілі бір экономикалық даму болды. Дегенмен Қазақстан халқының басым көпшілігі қазір еліміздің байлығының қызығын көре алмай отыр. Сондықтан бұл заң әлеуметтік әділетті қадамдардың бірі. Яғни Қазақстанның байлығы азаматтарымыздың барлығына қолжетімді болуы тиіс. Ертең заңсыз салынған және заңсыз алынған басқа да ғимараттар елге қайтса, онда бюджеттің әлеуметтік жағын көрсететін болады. Бұл біздің еліміздегі халқымыздың әлеуметтік деңгейін көтереді, - деді Ерлан Саиров.

Активтерді қайтару жұмыстарын арнаулы уәкілетті орган (Бас прокуратура ведомствосы) жүзеге асырады. Ол мемлекеттік органдардың ақпараты және заңнамада тыйым салынбаған басқа да көздер негізінде мониторинг пен талдау жүргізеді.

Декларацияда субъектілер заңды тұлғаның кірістерін, активтерін, жарғылық капиталына қатысу үлестерін, Қазақстандағы және шетелдегі қарыздарды, активтердің шығу тегі туралы өзге де мәліметтерді көрсетуі тиіс. Егер тұлға активтерді иемденудің заңдылығын растай алмаса, онда мұндай активтер шығу тегі түсініксіз активтер деп танылады.

Оқи отырыңыз:

Активті елден шығару немесе оны иеліктен шығару қаупі туындаған кезде, уәкілетті орган алдын алу шараларын қабылдау туралы өтінішпен сотқа жүгінеді.

Егер азаматтар заңды түрде жұмыс істейтін болса, онда оларға қорқатын ешнәрсе жоқ. Бұл жердегі мәселе тек заңсыз иеленген капитал жөнінде. Яғни ертеңгі күні сіз өзіңіздің капиталыңыздың заңды екенін дәлелдей алмасаңыз, онда ол заң бойынша мемлекетке қайтарылады, - деп түсіндірді мәжілісмен.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға қол қойғанын  хабарладық.

Миражан Махан
Бөлісу: