Қазақстанның бастамасымен БҰҰ 2026 жылды халықаралық еріктілер жылы деп жариялады

19 Желтоқсан 2023, 21:27 776

Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2026 жылды Орнықты даму мақсатында халықаралық еріктілер жылы деп жариялаған қарарды қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Халықаралық еріктілер жылын жариялау туралы бастаманы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ мінберінен 2020 жылы Бас Ассамблеяның 75-сессиясының жалпы саяси пікірталастары барысында көтерді.

Қазақстан бұл қарарды әлемнің барлық аймақтарынан пікірлес елдерімен – Армения, Боливия, Германия, Кения және Кирибати аралдық мемлекетімен бірлесіп ұсынды. Бұл құжаттың тең авторлығына БҰҰ-ға мүше 54 мемлекет қосылды.

Халықаралық жыл аясындағы іс-шаралар волонтерлік қозғалысқа ұлттық, аймақтық және жаһандық деңгейде қуатты серпін береді, еріктілер қызметі саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және оны одан әрі дамытудың негізгі векторларын айқындауға үлес қосатын болады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде волонтерлік қызметті дамытуға ерекше мән беріп, оны Әділетті Қазақстанды құрудың маңызды құрамдас бөліктерінің бірі деп санайтынын атап өту қажет.

Мемлекет басшысының пікірінше, еріктілер – өз елінің шынайы патриоттары – адамгершілік құндылықтарды бәрінен жоғары қойып, мемлекет пен қоғам арасында сенімді серіктестікті нығайтуда ерекше рөл атқарады. Жанқиярлық пен мейірімділік қазақ халқына тән қасиет екенін атап өткен ҚР Президенті бұл қасиеттерді жас ұрпақ бойына сіңірудің маңыздылығын бірнеше рет баса айтты.

Мемлекет басшысының бастамасымен 2020 жыл Қазақстанда Еріктілер жылы болып жарияланып, 2021-2023 жылдарға арналған волонтерлік қызметті дамытудың жол картасы қабылданды. Қолға алынған шаралардың нәтижесінде еліміздегі еріктілер саны 200 мың адамға жетті. Қазақстандық жастар әлемнің әртүрлі елдерінде БҰҰ еріктілері ретінде қызмет істейді.

2023 жылғы 20-21 шілдеде Астанада Мемлекет басшысының, БҰҰ-ның жоғары лауазымды өкілдерінің және әлемнің 30-дан астам елінен келген волонтерлердің қатысуымен Халықаралық волонтерлер форумының ұйымдастырылуы еліміздің жаһандық еріктілер қозғалысындағы маңызды рөлін тағы да растады.

Перизат Саденова
Бөлісу: