Қазақстанның әйелдер құрамасы Арменияға есе жіберді

31 Мамыр, 22:10 984

Қазақстанның әйелдер құрамасы 2025 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде Арменияға есе жіберді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Арменияның Армавир қаласында өткен ойында құраманы алаңға Бибігүл Нұрышева бастап шықты. Сондай-ақ Германияның «Турбине Потсдам» клубының шабуылшысы Әмина Бибосынова ұлттық құрамадағы алғашқы ойынын өткізді.

Бас бапкер Мадияр Кембілов алаңға мына құрамды шығарған болатын:
Ангелина Портнова (қақпашы);
Мария Демидова;
Анастасия Низамутдинова;
Камила Құлмағамбетова;
Аида Гайстенова;
Бибігүл Нұрышева;
Әсем Қаражанова;
Қазына Норбаева;
Светлана Бортникова;
Әмина Бибосынова;
Әселхан Тұрлыбекова.

Алаң иелері ойынды сенімді бастап, алғашқы таймда есеп ашты. Анна Даллакян 13-минутта мергендігімен көзге түссе, екінші таймның басында құрама капитаны Марал Артин пенальтиден есепті ұлғайтты.

Қазақстан құрамасы қарсылас қақпасына қауіпті шабуылдар жасағанымен, бірде қақпашы орнынан табылса, енді бірде соққы қиыс кетіп жатты. Дегенмен ойынның 70-минутында Камила Құлмағамбетованың алыстан тепкен соққысы қақпадан табылып, есеп айырмашылығы қысқарды. Өкінішке қарай, осы есеп матчтың соңына дейін сақталып қалды.

Енді құрамамыз 4 мамыр күні Алматыда қарымта кездесу өткізіп, кеткен есені қайтаруға тырысады.

Перизат Саденова
Бөлісу: